Қазақстан премьер-лигасы IFFHS рейтингінде 45 саты жоғарылады

Қазақстан премьер-лигасы IFFHS рейтингінде 45 саты жоғарылады

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHSрейтингінде 45 саты жоғарылады. Бұл туралы ресми сайтында хабарлап отыр.

IFFHS жаңарған рейтингінде Қазақстан премьер-лигасы 418 ұпаймен 38-ші орынға орналасқан. Ал өткен жылы бұл меже 83-ші нәтижені көрсетіп тұрған еді.

Испания чемпионаты (Ла-Лига) IFFHS рейтингінде бесінші жыл қатарынан көш тізгінін берер емес. Екінші орынға Италия чемпионаты көтерілсе, өткен жылы бұл орынды иеленіп келген ағылшын премьер-лигасы үшінші сатыға сырғыған. Сонымен қатар, алғашқы ондыққа Аргентина, Германия, Франция, Португалия, Колумбия, Парагвай елдерінің чемпионаттары еніп отыр. Жаңарған рейтингті Сан-Томе және Принсипи демократиялық республикасының чемпионаты қорытындылап отыр.

Қазақстан премьер-лигасының алдына Беларусь пен Әзірбайжан чемпионаттары орналасқан. Ал Польша, Молдова, Словения, Дания, АҚШ, Қытай және Өзбекстан чемпионаттары ел премьер-лигасынан төменгі орындарға орналасқан.

Айта кетейік, халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) осыған дейін жылдың үздік клубтарының рейтингін жариялаған болатын. Жаңарған рейтингте ел чемпионы атанған елордалық «Астана» 135-ші орынннан көрініп, әйгілі «Милан», «Лацио», «Галатасарай», «АЗ Алкмаар», «ЦСКА» және «Сантос» сынды клубтарды артта қалдырған еді.

Сурет: sport.nur.kz

Ө. Сансызбай