APB чемпиондық белбеуі Астанаға жеткізілді

О Сансызбай Корреспондент
APB чемпиондық белбеуі Астанаға жеткізілді

Бүгін Қазақстан бокс федерациясының кеңсесіне Сеулден APB чемпиондық белбеуі жеткізілді. Бұл туралы еліміздің бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

AIBA Pro Boxing (APB) – АІВА-ның олимпиадалық бокс және WSB жобасынан кейін қолға алған үшінші жобасы. Доданың бірінші маусымына қатысатын былғары қолғап шеберлері қомақты қаржы тауып қана қоймай, жеңімпаз атанған спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алатын болады.

60 келіде бақ сынаған отандасымыз Берік Әбдірахманов үш кездесуінде де жеңіске жетіп, финалға шыққаны даусыз болған еді. Ол енді Олимпиада жолдамасы мен чемпиондық белбеу үшін өзбекстандық Хуршид Тожибаевпен жұдырықтасатын болады. Жекпе-жек 30 қаңтар күні Астана қаласында өтеді. Осыған дейінгі бұл салмақтағы барлық кездесулер елордада өткен болатын. Жаңа жобаның алғашқы үш айналымында боксшылар алты раунд айқасса, финалдық кездесуде сегіз раунд жұдырықтасады. Бұл басты жекпе-жектен өзге Артур Бриль (Германия) – Доменико Валентино (Италия), Робсон Консейсао (Бразилия) – Чарли Суарез (Филиппин), Дэвид Джойс (Ирландия) – Дмитрий Полянский (Ресей) жұдырықтасады.

Қара былғарыдан жасалған APB чемпиондық белбеуінің ортаңғы бөлігіне AIBA танымбелгісі мен «APB champion» жазуы жазылған. Ал шеткі бөліктеріне «APB», «AIBA Pro Boxing», «60 kg» жазулары бейнеленіпті. Салмағы 2 келі 680 граммды құрайды екен.

2016 жылғы Рио-де-Жанейро жолдамасы сарапқа салынар жекпе-жекте отандасымыз Берік Әбдірахмановқа жеңіс тілейміз. 

Сурет: Қазақстан бокс федерациясы