Белградта Новак Джоковичтің мейрамханасын ұрылар тонап кетті

Белградта Новак Джоковичтің мейрамханасын ұрылар тонап кетті

АТР рейтингінде әлем теннисшілерінің көшін бастап тұрған сербиялық теннисші Новак Джоковичтің мейрамханасын ұрылар тонап кетті. Бұл туралы әйгілі спортшының әкесі Белградтағы жергілікті басылымдарға хабарлаған.

Сербияның «Telegraf» газетінің хабарлауы бойынша, оқиға демалыс күні орын алған. Ұрылар жабық тұрған мейрамханаға кірудің жолын тауып, 7 000 еуро көлеміндегі ақшаны алып кеткен. Одан өзге бейнебақылау жазбалары мен құнды заттар да қолды болған. Әзірге, оқиға қатысы бар күдіктілер туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Новак Джокович алғаш рет ұрылар тонауына тап болып отырған жоқ. 2011 жылы спортшы АҚШ ашық чемпионатына қатысуға кеткенде ұрылар үйін тонап кеткен еді. 

Сурет: sportswallpaper.cc.cc

Ө. Сансызбай