ХОК бағалау комиссиясы Алматыға ақпан айында келеді

ХОК бағалау комиссиясы Алматыға ақпан айында келеді

Кеше Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін Алматы мен Пекин қалаларының таныстырылымын қарап шықты. Алдағы уақытта басты екі үміткер қалаға бағалау комиссиясын аттандыратын болады.

- Бүгін 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары үшін маңызды сәттердің бірі. Өйткені, екі қаланың доданы өткізу туралы өтініштерін қабыл алып отырмыз. Ал өтініш білдіріп отырған қалалалардың жарысты жоғарғы деңгейде өткізе алатынын дәлелдейтін зор мүмкіндіктері бар, - деді ХОК президенті Томас Бах.

Таныстырылым барысында Алматы мен Пекин қалаларының ақ Олимпиаданы өткізетін спорт нысандары мен құрылыс жұмыстары, бөлінетін қаржы мәселесі талқыланды.

Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы Алматыға 14-18 ақпан аралығында ат басын бұратын болды. Ал Пекинге 24-28 наурызда барады. ХОК 2022 жылғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қала туралы нақты шешімді 2015 жылдың 31 шілдесінде Малайзияның Куала-Лампур қаласында өтетін 127-ші отырысында мәлімдейтін болады.

Сурет: tvc.ru

Ө. Сансызбай