Златан Швецияның ең үздік спортшысы атанбағанына өкпелі

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Златан Швецияның ең үздік спортшысы атанбағанына өкпелі

Өткен күні жергілікті Dagens Nyheter газеті Швецияның ең үздік спортшыларының рейтингін жариялады. Бұл тізімде "ПСЖ" командасының және Швеция құрамасының шабуылшысы Златан Ибрагимович екінші орынға ие болды. 

БӨЛІСУ

"Бәріне алғыс білдіремін. Бірақ екінші орын алу деген соңғы орын алғанмен бірдей. Бұл тізімде мен бірінші, екінші, үшінші, төртінші және бесінші орында тұруға тиіспін, - дейді шабуылшы.

Швецияның ең үздік спортшы болып бұрынғы теннисші Бьорн Борг танылды. ХХ ғасырдың 1970-90 жылдары аралығында үздік өнерімен көзге түскен теннисші, демалысты қоса есептегенде 109 апта бойы Әлемнің бірінші ракеткасы атағын сақтап тұрған. Ибрагимович Бьорн Боргты құрметтейтінін жеткізе отырып, өзін Швецияның ұлы спортшыларының бірі санайтынын жасырмады.

Златан Ибрагимович Швецияда өзiн ерекше ұстаған бөлек мiнезiмен белгілі, және айтқыштығымен, тосын ойларымен құрметтi. 2012 жылдары оның туған тiлiнде "zlatanera" деген етiстiк пайда болды. Ол сөз "алаңда және одан тыс жерлерде мықтылығын паш етiп, әр нәрсені асқан ептілікпен iстеу" деген мағына бередi.

Футболшы ұлттық құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген саналады. Ол ұлттық құрама сапында жалпы саны 51 гол соққан. Сондай-ақ, ол сегіз мәрте Швецияның ең үздік футболшысы атағын иеленген.

Естеріңізге сала кетсек, Златан Ибрагимович жақында Швециядағы алғашқы миллиардер-спортшы атанған болатын. 33 жастағы шабуылшының биылғы жылғы қаржылық жағдайы алты миллард швед кронынан асқан. Тиісінше бұл көрсеткіш оны Швециядағы ең бай адамдардың қатарында 147-ші орынға көтерілуіне ықпал етіп отыр.

Сурет: xsport.ua