Жамбыл облысының боксшылары ҚБФ кубогын жеңіп алды

О Сансызбай Корреспондент
Жамбыл облысының боксшылары ҚБФ кубогын жеңіп алды

Қазақстан бокс федерациясының кубогын Жамбыл өңірінің былғары қолғап шеберлері жеңіп алды. Олар шешуші кездесулерде ақмолалық боксшылардан басым түсті.

БӨЛІСУ

Финалдық жекпе-жектерге екі облыстан кей салмақтарда боксшы шықпай да қалды. Есесіне әр кездесудің маңызы жоғары болды.

Жартылай финалда да тартысты жекпе-жектер өткен болатын. Жамбыл облысының боксшылары қосымша жұптағы жұдырықтасуда жеңсе, Маңғыстау боксшылары Ақмола боксшыларына 5:6 есебімен есе жіберген еді.

Ақмола мен Жамбыл облыстары арасындағы финалдық кездесулердің де негізгі жұптағы кездесулері 5:5 есебімен аяқталды. Шешуші жекпе-жекке оңтүстіктік команда 49 келіде Азамат Исақұловты шығарды. Өкінішке орай, бұл салмақта Ақмола облысы құрамасы сапынан шығатын боксшы табылмады. Нәтижесінде Жамбыл облысының боксшылары ҚБФ кубогы мен 25 миллион теңгені жеңіп алды. Айта кетейік, жақында ғана Таразда өткен ел чемпионатында Жамбыл өңірінің өрендері жалпыкомандалық есепте көш бастаған еді. 

Осыған дейін төрт ұйымдастырылған турнирде Астана боксшылары (2010, 2013) екі рет топ жарса, 2011 жылы Қарағанды, 2012 жылы Маңғыстау өңірінің өрендері жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар, бұл турнир бокстағы жаңа есімдерді ашуда да маңызды рөл атқарып келеді.  

Сурет: kfb.kz