Иса Ақбербаевтың қарсыласы кездесуге бір күн қалғанда алмасты

Иса Ақбербаевтың қарсыласы кездесуге бір күн қалғанда алмасты

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген IBO Intercontinental тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы Иса Ақбербаев 11 желтоқсан күні кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізетіні жайлы хабарлаған едік. Бүгін белгілі болғандай, отандасымыздың қарсыласы алмасты. Бұл туралы боксшының «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы хабарлап отыр.

31 жастағы қазақстандық боксшы литвалық Олег Лопаевспен жұдырықтасатыны белгілі болған еді. Бірақ, жекпе-жектің өтуіне бір күн қалғанда Исаның қарсыласы болып беларусь Игорь Караваев аталды. Себебі, литвалық былғары қолғап шебері жарақатына байланысты кездесуге шығудан бас тартқан. Игорь Караваев болса кәсіпқой бокста 13 кездесу өткізіп, 6-ында жеңіске жетсе, 7-еуін жеңіліспен аяқтаған. Ал Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын 2009 жылы бастаған. 5 жыл көлемінде 13 жекпе-жек өткізген жерлесіміз әзірге қарсыластарынан опық жеп көрген жоқ. Бір кездесуі жоспарланып өтпей қалған. Бұл жұдырықтасу WBA тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы ресейлік Федор Чудинов пен аустралиялық Бен МакКлух жекпе-жегі алдында өтуге жоспарланған. Ал тікелей эфирде «KazSport» арнасы көрсететін болады. Тікелей эфирде ертең Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай