«Қайрат» Смақовты туған күнімен құттықтады

О Сансызбай Корреспондент
«Қайрат» Смақовты туған күнімен құттықтады

Бүгін қазақ футболындағы танымал тұлғалардың бірі – Самат Смақов 36 жасқа толып отыр. Осыған орай алматылық «Қайрат» футбол клубы ресми сайтында футболшыны туған күнімен құттықтады.

БӨЛІСУ

- «Қайрат» футбол клубының ұжымы Самат Смақовты туған күнімен құттықтайды. Зор денсаулық пен отбасы амандығын тілейді, - деп жазылған құттықтауда.

Самат Смақов 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазақстанның «Елімай» (қазіргі «Спартак»), «Ертіс», «Жеңіс» (қазіргі «Астана»), «Ақтөбе» және «Қайрат» футбол клубтарында өнер көрсеткен. Сонымен қатар, ресейлік «Ростсельмаш» және түркиялық «Ризеспорда» ойнаған. Ұлттық құрама сапында 32 кездесуге қатысып, 2 гол соққан. Төрт рет ел премьер-лигасының үздік ойыншысы (2004, 2007, 2008, 2009) атағына қол жеткізген. 2012/13 маусымда Түркия бірінші лигасының үздік қорғаушысы атанған. Алты дүркін ел чемпионы, және екі дүркін ел Кубогы мен Суперкубогының иегері.

Айта кетейік, мәресіне жеткен ел премьер-лигасының ХХІХ тур ойындарынан кейін алматылық «Қайрат» бес футболшысын маусым соңына дейін ойындарға қатыспайтынын мәлімдеген-ді. Олардың қатарында Самат Смақов та бар еді. Кейіннен футболшы клубпен келісімшартын үзетінін айтқан. Әзірге, келер маусымда қай клубта өнер көрсететіні белгісіз. Кей ақпараттар бойынша, Самат премьер-лигаға оралған көкшетаулық «Оқжетпесте» ойнауы мүмкін.

Самат Смақов туған күнін Таиландта атап өткелі жатыр. Instagram әлеуметтік желісінде барлық қазақстандықтарды Пхукеттегі «Catch Beach Club» демалыс орнына шақырды.

Cурет: sportinfo.kz