«Барыс» бапкері төрт ойынға шеттетілді

О Сансызбай Корреспондент
«Барыс» бапкері төрт ойынға шеттетілді

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын қазақстандық «Барыс» клубының бас бапкері Андрей Назаров тәртіптік-бақылау комитетінің шешімімен төрт ойынға шеттетілді.

БӨЛІСУ

Астаналық «Барыс» кеше Қазанда «Ақ барыстан» 3:2 есебімен ұтылған-ды. Ойын басталысымен қазақстандық клуб ойыншысы Дамир Рыспаев Александр Свитовпен қақтығысып, соңы төбелеске ұласқан еді. Бұл жағдай туралы қазіргі таңда ғаламторда талай сын мен пікірлер айтылуда. Қорғаушы енді 31 қараша күні "Нефтехимикке" қарсы кездесуге шықпайды.

Ал ойын аяқталуына аз уақыт қалғанда Андрей Назаров спортқа тән емес қылық танытып, алаң иелері капитаны Александр Свитовқа су толы бөтелкесін лақтырған. Бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаған ойындағы төреші бапкерді ойыннан шеттетсе, бүгін тәртіптік-бақылау комитеті 4 ойынға қатыспауға шешім шығарды. Сонымен қатар, 100 мың рубль көлемінде айыппұл салды.

Айта кетейік, Андрей Назаров «Барыс» тізгінін ұстағалы бері алғаш рет ойындардан шеттетіліп отырған жоқ. Қыркүйек айында Владивостоктың «Адмирал» командасына қарсы ойынында ерсі қылығы үшін 6 ойында командасын бастап шығу құқығынан айырылған еді.

Сурет: today.kz