Головкиннің 2015 жылы өткізетін екінші жекпе-жегінің уақыты белгілі болды

Головкиннің 2015 жылы өткізетін екінші жекпе-жегінің уақыты белгілі болды

Орта салмақта WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының уақытша чемпионы белбеуінің иегері отандасымыз Геннадий Головкиннің 2015 жылы өткізетін екінші жекпе-жегінің уақыты анықталды. Бұл туралы боксшының менеджері Олег Герман хабарлады.

- Біз 2015 жылы мүмкін болса Мигель Котто, Сауль Альварес және Хулио Сесар Чавестің (кішісі) бірімен кездесу өткізуді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Егер мамыр айында Котто мен Канело арасында жекпе-жек өтер болса, күзде осы жұптың жеңімпазымен Генаның шығуына мүмкіндік бар. Ал 2015 жылғы екінші жекпе-жек «НВО» кестесіне сәйкес 16 мамыр күні өтеді. Біз GGG қарсыласы ретінде Матвей Коробов пен Энди Ли арасындағы WBO чемпиондық атағы үшін өтетін кездесудің жеңімпазын таңдап отырмыз, - деді.

Олег Герман сөзіне сүйенер болсақ, Геннадий Головкиннің 2015 жылғы екінші жекпе-жегінің уақыты белгіленгенмен, нақты қарсыласы анық емес. Келісімге келмей жатса ол Матвей Коробов пен Энди Ли кездесуінің жеңімпазы қарсылас атанбай қалуы да мүмкін.

Айта кетейік, кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген отандасымыз 32-ші шаршы алаңдағы жекпе-жегін 2015 жылдың 21-ақпанында Монакода өткізетін болады. Қарсыласы – Мартин Мюррей. Бокссүйер қауым британдық боксшыны Гена үшін аса мықты қарсылас санамайды. Оның мексикалық Марк Антонио Рубионың күйін кешіп жатса таңданбайтыны анық. Ал отандасымыздың промоутері Том Леффлер болса, британдық боксшыны орта салмақтағы әлемнің мықтыларының қатарына қосып отыр.

Жақында белгілі болғандай, 22 қараша күні Геннадий Головкин Астана қаласына келіп, Н.Назарбаев атындағы университетте жанкүйерлер және тілшілермен кездесу ұйымдастырады. Сонымен қатар, футболдан ел кубогын сарапқа салатын «Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы ойынды тамашалайды деп те күтілуде.

Cурет:news.headline.kz

Ө. Сансызбай