Еуро-2016. Бүгін түнде Қазақстан құрамасы Түркиямен кездеседі

Еуро-2016. Бүгін түнде Қазақстан құрамасы Түркиямен кездеседі

 Бүгін түнде футболдан 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан Ұлттық құрамасы Түркия футболшыларымен кездеседі.

 Бұл екі құраманың өз тобындағы жағдайы аса жақсы емес. Қазіргі таңда екі ұжымда да үш ойын қорытындысы бойынша бір-бір ұпайдан бар. Сол себепті, бүгінгі ойында қос құраманың қайсы болмасын аянып қалмасы анық. Соңғы кезде жолы болмай жүрген түркиялық ұжым алғашқы үш ұпайды Қазақстан құрамасынан аламыз деп отыр. Ал, қазақстандық ойыншылар ешқашан жеңіп көрмеген түріктерден есе қайтаруды көздейді. Бұл екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесіп, оның үшеуінде Түркия құрамасы ірі есеппен жеңіске жеткен. Төрт кездесудің екеуі Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өтсе, қалған екеуі Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі шеңберінде өткен. 

Нақтырақ айта кетсек:

1.​ 09.10.2004. Ыстамбұл — 0:4. (Әлем чемпионатына іріктеу)
2.​ 08.06.2005. Алматы — 0:6. (Әлем чемпионатына іріктеу)
3.​ 03.09.2010. Астана — 0:3. (Еуропа чемпионатына іріктеу)
4.​ 02.09.2011. Ыстамбұл — 1:2. (Еуропа чемпионатына іріктеу)

Ойын алдында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан және ел құрамасының бірқатар ойыншылары бүгінгі кездесуге байланысты ойын бөліскен болатын.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Юрий Красножан:

"Қазір біздің ұпай қорымыз Түркия құрамасымен бірдей. Әрине олар әлі де ұпайларын молайта түседі. Түріктер - бүгінгі ойынның айқын фавориті. Алайда біз оларға лайықты қарсылық танытып, өз пайдамыз үшін жұмыс жасайтын боламыз. Біз үшін кез келген ұпай тиімді. Біз өткен ойындардың бәрінде де бір ұпай аламыз деп алаңғы шыққан жоқпыз. Алдағы ойында да командамыздың жеңіске жеткенін қалаймын", - дейді.

Қазақстан құрамасының қорғаушысы, Самат Смақов:

"Біздің ұжым Түркия құрамасымен бірінші рет ойнайын деп жатқан жоқ. Сондықтан бәрі де бұл команданың мүмкіндігін жақсы біледі. Құрамадағы әрбір ойыншы мұқият зерттелді. Қайсымызға болса да бүгінгі ойын қиын тигелі тұр. Қазақстан құрамасының әрі қарайғы күресі бүгінгі ойынға байланысты. Егер жеңілсек төменгі орында қалып кетеріміз анық", - дейді.

Қазақстан құрамасының қақпашысы, Александр Мокин:

"Өткен жолы бразилиялықтар түріктердің жүйкесін жұқартқандай болды. Сол себепті, Түркия құрамасының бүгінгі ойынға дайындығы жоғары болу керек. Демек, бүгін аса тартысқа толы, қызықты ойын болады деген сөз", - дейді.

Қазақстан құрамасының ойыншысы, Ұлан Қонысбаев:

"Әрине, менің сол бір голым әдейі ойластырылған деп жалған айтпай-ақ қояйын. Ол гол - сәтсіз пастың жемісі болатын. Егер ойында бізге ұпай алып келтендей болса, мен сол бір әдемі сәтті тағы да қайталауға дайынмын, - дейді 2011 жылғы ойынды есіне алып.

Түркия құрамасының бас бапкері Фатих Терім Қазақстанға қарсы алаңғы шығатын ойыншылардың тізімін жариялады. Атап айтақанда: Волкан Демирель («Фенербахче»), Гекхан Генюл («Фенербахче»), Семих Кайя («Галатасарай»), Сердар Азиз («Бурсаспор»), Джанер Эркин («Фенербахче»), Сельчук Инан («Галатасарай»), Озан Туфан («Бурсаспор»), Волкан Шен («Бурсапор»), Ардан Туран («Атлетико», Испания), Олджай Шахан («Бешікташ»), Бурак Йылмаз («Галатасарай»). 

Ал, Түркияға қарсы ойнайтын Қазақстан құрамасының тізімі төмендегідей:

Қақпашылар – Александр Мокин, Стас Покатилов (екеуі де – "Шахтер" Қарағанды), Андрей Сидельников ("Ақтөбе");
Қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Виктор Дмитренко (бәрі де – "Астана"), Юрий Логвиненко, Дмитрий Мирошниченко (екеуі де – "Ақтөбе"), Александр Киров, Сергей Малый (екеуі де –"Шахтер"), Ғафуржан Сүйімбаев ("Ордабасы"), Ренат Абдулин ("Атырау"), Марк Гурман ("Қайрат");
Жартылай қорғаушылар – Бауыржан Исламхан, Самат Смақов, Аслан Дарабаев, Станислав Лунин (бәрі де – "Қайрат"), Ұлан Қонысбаев ("Шахтер"), Асхат Тағыберген ("Ақтөбе"), Азат Нұрғалиев ("Ордабасы"), Андрей Карпович ("Атырау");
Шабуылшылар – Сергей Хижниченко ("Корона", Польша), Алексей Щеткин ("Тараз").

Бүгінгі ойынға ресейлік қазы Алексей Еськов төрелік етеді. Алексейге қапталдардан отандастары Дмитрий Мосякин мен Валерий Данченко көмектеседі. Қосымша төрешілер қызметін Алексей Николаев пен Михаил Вилков атқарады. Ал, төртінші төреші — Николай Голубев.

Түркия мен Қазақстан арасындағы кездесу бүгін, яғни, 16 қарашадан 17 қарашаға қараған түні өтеді. Астана уақытымен 00:45-те басталатын кездесуді "KazSport" және "Қазақстан" арнасы тікелей эфирде көрсететін болады. 

 Турнир кестесі:

"A" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Исландия 3 3 0 0 8:0 9
2.     Чехия 3 3 0 0 8:4 9
3.     Нидерланды     3 1 0 2 4:5 3
4.     Латвия 3 0 2 1 1:4 2
5.     Қазақстан 3 0 1 2 3:7 1
6.     Түркия 3 0 1 2 2:6 1


Сурет: ffk.kz

Н. Айдархан