Қазақстанның қарсыластары жолдастық кездесулерінде жеңіліс тапты

Қазақстанның қарсыластары жолдастық кездесулерінде жеңіліс тапты

Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасымен бір топта өнер көрсететін Түркия, Исландия мен Нидерланды құрамалары жолдастық кездесулерінде жеңіліс тапты.

16 қарашадан 17 қарашаға қараған түні Юрий Красножан шәкірттері Стамбұлда Түркия құрамасымен кездеседі. Ал түріктер жерлестерімізбен өтетін ойын алдында дайындығын шыңдау үшін әйгілі Бразилия құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Стамбұлда өткен ойында қонақтар ірі есеппен жеңіске жетті. Неймар дубль авторы атанса, Виллиан бір допты еншісіне жазды. Ал 24 минутта Семи Кайя өз қақпасына гол соғып алды. Нәтижесінде Дунга жаттықтыратын команда соққан 4 голға түріктер бірді-бір нәтижелі соққымен жауап қата алмады.

Нидерланды құрамасы Гус Хиддинк тізгінді ұстағалы бергі 5 ойынның 4-еуінде жеңіліс тапқан. Іріктеу кезеңіндегі бір ғана жеңісті Қазақстанмен өткен ойында иеленген. Оның өзі нидерландықтар үшін оңайға соқпағаны анық. Бүгін түнде Мексикамен жолдастық кездесу өткізген «қызғалдақты елдің» құрамасы Амстердамда 2:3 есебімен жеңіліс тапты. Енді нидерландылықтар үш күннен кейін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Латвиямен кездеседі. Егер сол ойында алқызылдар ұпай жоғалтар болса, бас бапкер Гус Хиддинк өз қызметінен кетуі бек мүмкін. 

"А" тобының көшін бастап келе жатқан Исландия құрамасы Брюссельде Бельгия футболшыларынан ұтылды. Өз алаңында белсенген бельгиялықтар 3:1 есебін өз пайдаларына шешті. Ал исландиялықтар үш күннен кейін түзде Чехия құрамасымен үш ұпайды сарапқа салатын болады.

 Турнир кестесі:

"A" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Исландия 3 3 0 0 8:0 9
2.     Чехия 3 3 0 0 8:4 9
3.     Нидерланды     3 1 0 2 4:5 3
4.     Латвия 3 0 2 1 1:4 2
5.     Қазақстан 3 0 1 2 3:7 1
6.     Түркия 3 0 1 2 2:6 1

Сурет:siol.net

Ө. Сансызбай