Зульфия Чиншанло - әлем чемпионы!

Зульфия Чиншанло - әлем чемпионы!

Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының үшінші күнінде Қазақстан қоржынына алтын жүлде түсті. 53 келіде Зульфия Чиншанло өзінің әлемдік рекордын жаңартып, алтыннан алқа тақты.

Жұлқа көтеруде жерлесіміз жарысты 95 келіде бастады. Кейіннен 98 келіні бір мүмкіндігінде көтере алмаса, соңғы мүмкіндігінде аз уақыт қалғанда барын салып 98 келіні басынан асырды. Спортшының уақыты өтіп жатқанын бапкерлер қосыны байқамай қалған секілді. Бірінші жаттығу қорытындысында тайпейлік Сю Шуцзин отандасымыздан бір келі артық көтеріп, алға озып тұрды. Үштікті 96 келімен қытайлық Ли Яцзюнь қорытындылады.

Серпе көтеруде Зульфияға қарсылас шақ келмеді десек болады. Ол алдымен 127 келіні еңсерді. Дәл осы салмақты қытайлық Тайпей елінен келген спортшы көтере алмады. Ал қытайлық зілтемірші өз көрсеткішін 118 келімен аяқтады. Бірінші мүмкіндігінде-ақ чемпион атанған жерлесіміз екінші мүмкіндігінде өзінің әлемдік рекордын жаңартуға ұмтылды. Нәтижесінде 133 келіні басынан асырып, өз салмағында рекорд жаңартты. Зульфия бұл жетістігімен шектеліп қалмай, үшінші мүмкіндігінде 134 келіге тапсырыс беріп, оны қаймықпастан көтерді. Нәтижесінде Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне келген жанкүйерлер отандасымыздың жеңісімен қатар, екі рет рекорд жаңартқанының куәсі болды.

Екінші орын Инчхондағы Азия ойындарында Зульфияның алдын орап кеткен Сю Шуцзинге бұйырды. Үштікті «аспан асты» елінің спортшысы қорытындылады.

Қос жаттығу қорытындысы бойынша, отандасымыз 232 келіні еңсерсе, күміс медаль алған тайпейлік спортшы 218 келімен шектелді. Ли Яцзюнь (Қытай) болса 214 келімен қоланы қанағат тұтты. 

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай