Боксшы жекпе-жекте алған ауыр жарақатынан көз жұмды

Боксшы жекпе-жекте алған ауыр жарақатынан көз жұмды

Кәсіпқой боксқа қадам басқан Оңтүстік Африка Республикасының былғары қолғап шебері Пиндиле Мвелазе кезекті жекпе-жегінде алған ауыр жарақатынан кейін дүниеден озды. Бұл туралы ОАР спорт министрлігі ақпарат таратып отыр.

63,5 келі салмақта бақ сынайтын боксшы 10 қазан күні Преторияда Лиз Батлермен өткізген жұдырықтасуында нокаут алған. Нәтижесінде шұғыл аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген боксшы араға 18 күн сала көз жұмды. Осыған дейін Пиндиле Мвелазе кәсіпқой бокста төрт кездесу өткізіп, оның үшеуінде жеңіліп, біреуінде тең түскен екен.

Пиндиле Мвелазенің дүниеден озуы Оңтүстік Африка Республикасындағы соңғы бес күн ішіндегі үшінші спортшының қазасы болып отыр. Осыған дейін аталған елдің намысын 2004 жылы грек жерінде өткен Олимпиадада 800 метр қашықтыққа жүгіруде қорғап, күміс жүлде еншілеген Мбулаени Мулаудзи жол апатынан көз жұмған еді. Ал осы жексенбіде футболдан ОАР ұлттық құрамасының 27 жастағы капитаны Сензо Мейива қарақшылар қолына түскен сүйіктісін қорғамақ болып, ажал құшты.

Сурет: uglich76.ru

Ө. Сансызбай