Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алтын түсті

Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алтын түсті

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті.

Қазақстандық суда жүзуші Әнуар Ахметов 100 метр қашықтықтықты шалқалай жүзу әдісінде рекорд орнатып, алтыннан алқа тақты. Осыған дейін ол бұл қашықтықты еркін жүзу әдісінде екінші болып бағындырған болатын. «S12» деп аталатын көзі өте нашар көретін спортшылар арасында сынға түсіп жатқан отандасымыз кеше 50 метрге және 400 метрге еркін жүзу әдістерінде де күміспен күптелген еді.

Қоржынымыздағы төртінші күмісті мүгедектер арбасында отырып би өнерімен тамсандырған Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова иеленді. Олар алдарына оңтүстік кореялық жұпты ғана шығарып алды.

Төрт қола жүлденің екеуі жүзгіш Дмитрий Лиге тиесілі болса, Мансұрбек Ибрашев те 100 метрге еркін жүзу әдісінде қола жүлдеге қол жеткізді. Ал бір қоланы кеше 50 метрге еркін әдіспен жүзуде Виталий Ли еншілеген болатын.

Инчхондағы жарыстың екінші күнгі қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын 4 күміс 4 қоламен 14-ші орында келеді. Пара Азия ойындары 24 қазан күні мәресіне жететін болады. Еліміздің намысын 84 спортшы қорғауда. 

Сурет:sport.nur.kz

Ө. Сансызбай