«Әлем барысында» ел намысын қорғайтын балуандар анықталды

«Әлем барысында» ел намысын қорғайтын балуандар анықталды

25 қазан күні Павлодар қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем барысы» атты дүбірлі дода өтетіні туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгін сол бәсекеде ел намысын қорғайтын 4 балуанымыз белгілі болды.

Кіл мықтылардың боз кілемдегі белдесулері жанкүйерлердің көңілін бір серпілтіп тастары анық. Осыған дейін еліміздің атынан сынға түсетін 6 балуанымыз таңдап алынған болатын. Бүгін солардың ішінен төртеуі іріктеліп алынды. 2012 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев пен 2013 жылы топ жарған Айбек Нұғымаровтың жарысқа бабы келісіпті. Ал одан кейінгі екі мүмкіндік 2014 жылғы «Қазақстан барысының» күміс және қола жүлдегерлері Асыл Бәрменов пен Руслан Әбдіразақовқа бұйырды. Мұхит Тұрсынов (2014 жылғы «Қазақстан барысы) пен Ұлан Рысқұл (2011 жылғы «Қазақстан барысы») турнирге қатыспайтын болды.

Естеріңізге сала кетсек, Павлодардағы дүбірлі дода туралы осыған дейін толыққанды ақпарат жариялаған болатынбыз. «Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысы» додаларындағы тікелей көрсетілім секілді, «Әлем барысы» аламанын да отандық телеарналармен қоса ресейлік «Боец» пен Түркияның «ТРТ-Аваз» арналары да өз уақытында тарататын болады.

Қазіргі уақытта балуандар бәсекесінің билеттері сатылымға шығып үлгерді. Билеттің құны – 5 000, 10 000, 15 000 теңгені құрайды. Тағы бір айта кететіні, билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылмақ. Жүлдеге «Nissan Almera» автокөлігі тігіліп отыр. Көрермен болып барып, сіздің де жеңімпаз атанып қайтуыңызға мүмкіндік бар.

Сурет: gazeta.kz




ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Marhaba Sabi - Marsqa
NINETY ONE - QIYALMAN