Премьер-лига. «Қайрат» әзірге көш бастап тұр

Премьер-лига. «Қайрат» әзірге көш бастап тұр

Футболдан ел премьер-лигасының ХІХ тур ойындары мәресіне жетті. Ал біз әдеттегідей ойындарға шолуымызды ұсынамыз.

Чемпиондық атақ пен еуродода ойындарына берілер жолдама үшін өтіп жатқан алғашқы алтылықтағы тартыс қыза түсті. Сенбі күні өз алаңында алматылық «Қайрат» қызылордалық «Қайсармен» 1:1 есебімен тең түсіп, ұпай жоғалтты. Ал Дмитрий Огай жаттықтыратын клуб Еуропа лигасына берілер жолдамаға қол созып отыр. Өз кезегінде Владимир Вайсс шәкірттерінің ештеңе жоғалтпағанын баса айтты. Өйткені, «Қайрат» пен «Астана» командалары әлі екі рет кездесетін болады.

«Қайраттың» әзірге көш бастап тұр деп айтуымыздың өз себебі бар. Өйткені, екінші орында келе жатқан елордалық «Астана» еншісінде бір кем ойыны бар. Кейінге шегерілген «Астананың» «Ақтөбемен» өткізетін ойыны 5 қарашаға жоспарланған. ХІХ турда Станимир Стойлов шәкірттері Шымкентте «Ордабасыны» 1:2 есебімен жеңіп кетті. Сонымен қатар, сәрсенбі күні «Астана» - «Қайрат», «Ордабасы» - «Ақтөбе» арасындағы кейінге шегерілген кездесулер өтеді. Ал ХХХ тур ойындары 25-26 қазанға жоспарланған.

Жалақысын ала алмай жүрген қарағандылық «Шахтер» сүреңсіз ойындарының сүрлеуінен шыға алмады. «Ақтөбеде» қонақта болып, 3:1 есебімен жеңіліс тапты. Нәтижесінде 21 ұпаймен алғашқы алтылықты қорытындылап тұр. Ал Владимир Газзаев жаттықтыратын клуб жүлделі орынға талас жүргізетінін тағы бір дәлелдеді.

Жақында Қазақстан кәсіпқой лигасы мен Ресей премьер-лигасы басшылығы серіктестік келісімге қол қойды. Кей ақпарат көздері қателесіп, «біріккелі жатыр екен» деп те дау тудырғаны белгілі. Кейіннен Олжас Абраев (төраға) серіктестікке қол қойғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, 2015 жылы премьер-лиагада өнер көрсететін клубтардың саны сақталуы немесе 14-ке дейін артуы мүмкін екені де айтылуда. Бұл мәселе төңірегінде нақты шешім алдағы уақытта қабылданатын болды. Айта кетейік, өткен жылы келер маусымнан бастап премьер-лига клубтарының саны 10-ға қысқарады деген шешім қабылданған болатын. Енді, қайта қаралып көрмек. Клубтар саны 14-ке дейін көбейер болса, екінші алтылықтағы командаларға премьер-лигадан шығып қалу қаупі тумасы анық. 12 клуб болып қалар болса, ескі жүйемен жалғаса берері анық.

ХІХ турда екінші алтылықтағы командалар арасында семейлік «Спартак» пен «Атырау» үш ұпайдан еншіледі. Алғашқысы өз алаңында «Ертісті» екі доп басымдығымен жеңсе, соңғысы өз алаңында 1:0 нәтижесімен «Жетісуді» ұтты. Ал «Тараз» бен «Тобыл» 1:1 есебімен тең тарқасты. Сұрмергендер көшін «Астана» жартылай қорғаушысы Фокси Кетевоама бастап тұр.

Ел премьер-лигасының соңғы туры 9 қараша күні мәресіне жетеді. Енді небәрі үш тур ғана (кейінге шегерілген ойындарды есептемегенде) қалды. 22 қараша күні Астанада «Қайрат» пен «Ақтөбе» ел кубогының жеңімпазын анықтап, бұл маусымды аяқтайтын болады.

 Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай