Роналдиньо "Керетаро" сапындағы алғашқы ойынында пенальтиден мүлт кетті (видео)

Роналдиньо "Керетаро" сапындағы алғашқы ойынында пенальтиден мүлт кетті (видео)

Әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньо мексикалық «Керетаро» командасында өткізген алғашқы ойынын сәтсіз бастады.

Роналдиньо Мексика ішкі біріншілігінде «Тигрес» командасына қарсы өткен ойында пенальтиден мүлт кетіп, өзіне бірілген мүмкіндікті орындай алмады. Нәтижесінде Роналдиньо өнер көрсететін «Керетаро» командасы 0:1 есебімен жеңіліс тапты.

Естеріңізге сала кетсек, бразилиялық футболшы мексикалық командамен екі жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. 34 жастағы ойыншы «Керетаро» клубымен еркін агент ретінде келісімге отырды.

«Керетаро» клубының басшылығы бұл туралы: «Халықаралық аренада өзін көрсете білген ойыншы қатарымызға келіп қосылғанына қуаныштымыз. Роналдиньо - әлем чемпионы және екі рет әлемнің үздік ойыншысы атанды. Оның білім-білігі мен тәжірибесі келешекте біздің команданы нығайта түспек», - десе, Мексикалық депутат Карлос Тервиньо бразилиялық футболшыны маймылға теңеген болатын. 

Мексикалық депутат: «Мен әрқашан сабырлы болуға тырысамын, бірақ футболды халықты ақымақ қылатыны үшін жек көремін. Әсіресе, жанкүйерлердің футбол үшін көшелерде кептеліс жасайтыны жүйкеме тиеді. Сол үшін мен үйіме екі сағат кешігіп барамын. Жұрттың бәрі бір маймылды көру үшін ғана барады. Бразилиялық маймылды. Бұның бәрі көзбояушылық», - дейді ашынып.

«Керетаро» командасы Мексика чемпионатында сегізінші турдың қорытындысы бойынша 10 ұпаймен сегізінші орында келеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: readfootball.com

Н. Айдархан