Қазақстан ФИФА рейтингінде төрт саты жоғарылады

Қазақстан ФИФА рейтингінде төрт саты жоғарылады

Футболдан ФИФА ұлттық құрамалардың жаңа рейтингін жариялады. Қазақстан ұлттық құрамасы төрт саты жоғарылап, 127-ші орынға табан тіреді.

Көш басында келе жатқан алғашқы ондықтағы ұлттық құрамалардың нәтижелерінде өзгерістер орын алды. Германия ұлттық құрамасы тізгінді өз қолында ұстап қалса, Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы екінші орыннан сақтап қалды. Үшінші орында тұрған 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі отандастарымыздың қарсыласы Нидерланды құрамасы бір саты төмендеп, Колумбияға өз орнын босатты. Бразилия мен Франция да бір саты жоғарыласа, Уругвай, Испания және Швейцария бір саты төмендеді.

Ең төменгі нәтижені Венесуэла ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 37 саты төмендеп, 66-шы орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Гватемала құрамасы еншіледі. Олар бірден 77 саты жоғарылап, 57-ші орынға табан тіреген. Сонымен қатар Кипр, Албания және Болгария ұлттық құрамаларының жағдайы да жоғары көрсеткішке көтеріліп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан құрамасы 9 қыркүйек күні 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары аясында Астанада Латвиямен тең ойнаған-ды. Осылайша Халықаралық футбол федерациясының кезекті рейтингінде жерлестеріміз 127-ші орыннан көрінді.

Ал Қазақстан құрамасының 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуінің топтық кезеңіндегі қарсыластар көрсеткіші төмендегідей:

4. Нидерланды

28. Чехия

34. Исландия

38. Түркия

99. Латвия

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

 Cурет: sportinfo.kz

Ө. Сансызбай