Барселоналық 11 жасар вундеркинд «Челсиге» ауысудан бас тартты

Барселоналық 11 жасар вундеркинд «Челсиге» ауысудан бас тартты

«Ла Масия» футбол академиясының тәрбиеленушісі, «Барселонаның» 11 жасар жартылай қорғаушысы Хавьер Симонс Англияның «Челси» футбол клубына ауысудан бас тартты. 

«Барселонаның» балалар академиясында доп тебетін нидерландиялық жас жеткіншек «Стэмфорд Бриджге» баруға келісім бермеген көрінеді. Шетелдік ақпарат құралдары Хавьер Симонстың болашақта «Барселона» сапында ойнағысы келетінін жеткізуде.

«Ла Масия» – католониялық клубтың әлемге әйгілі балалар академиясы. Бұл жерден Лионель Месси, Хави, Андрес Иньеста, Сеск Фабрегас, Серхио Бускетс және Херард Пике сынды атақты футболшылар түлеп шыққан.

Мюнхендік «Бавария» клубының жаттықтырушысы Хосеп Гвардиоланың өзі де алғашқы қадамын дәл осы академиядан бастаған.

«Ла Масия» академиясы ең соңғы рет 19 жастағы мароккалық шабуылшы Мунир Эль-Хаддадиді жарыққа шығарған болатын. Ол ең алғашқы ресми ойынында «Эльче» қақпасына гол салды.

Мунир Эль-Хаддади бүгінде Испания құрамасының сапында алғашқы ойынына қатысып үлгерді. Эль-Хаддади 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Испания мен Македония құрамасы арасында өткен ойында 77 минутта алаңға қосылды.

Футбол мамандары 11 жасар Хавьер Симонсты де әлемдік футболдағы болашақ жұлдыз санайды. Сол себепті, «жас жұлдызға» қызығушылық танытып отырған командалардың қатары толастар емес. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: gigafootball.net

Н. Айдархан