Қазақстан құрамасы Қырғызстан футболшыларын ірі есеппен жеңді

Қазақстан құрамасы Қырғызстан футболшыларын ірі есеппен жеңді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы «Астана-Арена» стадионында Қырғызстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 7:1 есебімен жеңіске жетті, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.

Қазақстандық футболшылар ойынды белсенді бастады. Салған жерден қырғыздардың қақпасына лап қойған футболшыларымыз сәт сайын қарсыластарын қыспаққа ала бастады. Ойынның 7-нші минутында Таңат Нөсербаевтің гол салатын тамаша мүмкіндігі болып еді. Алайда қырғыз қақпашысы Павел Матяш өз орынынан табылды. Гол салуға ұмтылған қазақстандық футболшылар 27-нші минутта діттеген мақсатына жетті. Алғаш болып Польшаның «Корона» клубында өнер көрсететін, шабуылшы Сергей Хижниченко есеп ашты. Араға он минут салып Қазақстан құрамасының және елордалық «Астана» командасының капитаны Таңат Нөсербаев көзге түсті. Ойынның 42-нші минутында Бауыржан Исламханның тамаша пасын тиімді пайдаланған Сергей Хижниченко дубльдің авторы атанып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Екінші кезеңде бас бапкер Юрий Красножан алаңдағы бірнеше ойыншыны алмастырып, тактикалық жүрістер жасады. Тіпті, «Ақтөбелік» қақпашы Андрей Сидельниковтың орнына «Шахтер» командасының қақпашысы Александр Мокинді шығарды. Бүгінде Қазақстан құрамасының бас ауыртар мәселелерінің бірі – дәл осы қақпашылар турасында болып отыр. Красножанның бұл қадамы – екі қақпашыны да бір байқап алу болса керек.

Қазақстандық футболшылар екінші кезеңде де жүрісінен жаңылмады. Ойынның 55-нші минутында Ұлан Қонысбаевтан пас алған «Қайрат» командасының үздігі Бауыржан Исламхан төртінші допты қырғыз қақпасында тулатты. Бесінші гол алаңға тыңнан қосылған Бауыржан Жолшиевтің атына жазылды. Бауыржан қырғыз қорғаушысын әдемі алдап өтіп, сол жақ бұрышты дәл көздеді.

Ойынның негізгі бөлігі Қырғызстан футболшыларының жарты алаңында өрбіді. Қазақ футболшылары сәт сайын шабуыл ұйымдастырып, қырғыз қапашысын мазалаумен болды. Қырғыз футболшылары өз кезегінде қарымта шабуылдарда доп ұруды мақсат тұтты. Алайда қазақстандық қорғаушылар сауатты қорғана білді. Қырғыздар ұйымдастырған шабуылдар көбіне-көп орта жолда үзіліп қалып жатты.

Қырғыздар тарапынан салынған жалғыз голдың авторы - Қайрат Жырғалбекұлы. Қайрат қарымта шаубылдардың бірінде Мокиннің қателігін сәтті пайдаға асырды.

Қазақстандық футболшылар бес доппен тоқтап қалмады. Алдымен Ұлан Қонысбаев мергендік танытып алтыншы допты өз еншісіне жазса, артынша Азат Нұрғалиев көзге түсіп, есепті 7:1-ге жеткізді. Осылайша Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары алдында жеңіс тойын тойлап, қадамдарын нықтай түсті.

Қазақстан — Қырғызстан 7:1 (3:0) 
Голдар: 
Хижниченко 27 (1:0), Нөсербаев 36 (2:0), Хижниченко 42 (3:0), Исламхан 55 (4:0), Жолшиев 70 (5:0), Жарғарбекұлы 72 (5:1), Қонысбаев 82 (6:1), Нұрғалиев 88 (7:1)
Ескерту: Кум 18
ҚазақстанСидельников (Мокин 46), Воротников, Абдулин, Смақов (Дарабаев 78), Исламхан (Нұрғалиев 64), Мирошниченко, Нөсербаев (к) (Қонысбаев 46), Шомко, Богданов, Хижниченко (Жолшиев 58), Логвиненко 
ҚырғызстанМатяш (Кашуба 60), Шакиров (Құдайбердиев 47), Усанов, Байматов (к), Аджиниязов, Сыдықов, Шәріпов (Филатов 89), Кичин, Власичев (Тетте 57), Кум (Жарғалбекқұлы 30), Мұрзаев (Есенқұлұлы 68)
Бас төреші: Сергей Цинкевич (Беларусь)
5 қыркүйек. Астана. "Астана Арена".  

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары аясындағы алғашқы ойынын латвиялық футболшыларға қарсы өткізеді. Ойын 9-ншы қыркүйек күні сағат 22:00-де «Астана Арене» стадионында өтеді.

Автор: Нұржігіт Айдархан

Сурет: kff.kz

Н. Айдархан