Премьер-лига. Көш басына «Қайрат» шықты

Премьер-лига. Көш басына «Қайрат» шықты

Футболдан ел премьер-лигасының ХХІV тур ойындары мәресіне жетті. Тартысқа толы турдың нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз.

"Ордабасы" (Шымкент) - "Қайсар" (Қызылорда) - 0:1

Шымкент қаласында өткен ойында қонақтардың асығы алшысынан түсті. Ойынның 45-нші минутында молдавиялық жартылай қорғаушы Валентин Фурдуй көзге түсіп, өз командасына жеңіс сыйлады. Дмитрий Огай шәкірттері бұл жеңістің арқасында алтыншы орыннан бірден төрт саты жоғары көтерілді. Ал, «Ордабасы» командасы 18 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

"Спартак" (Семей) - "Тобыл" (Қостанай) - 2:1

«Спартак» командасы ойынның 16-ншы минутында есеп ашып, алға шықты. Доптың авторы - Максим Азовский. Алайда екінші кезең бастала сала «Тобыл» футболшылары сапынан Анатолий Богданов мергендік танытып, есепті теңестіріп кетті. Араға үш минут салып семейліктердің пайдасын пеналти белгіленді. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген Николай Дюлгеров өз командасына көптен күткен жеңісті тарту етті. «Спартак» командасы осылайша төртінші жеңісіне қол жеткізіп, ұпай қорын 11-ге жеткізді.

"Атырау" - "Ертіс" (Павлодар) - 2:1

Атырау қаласында өткен ойын 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. «Ертіс» сапынан Игор Бурзанович гол соқса, атыраулықтар қатарынан Доминик Адийя мен Милош Трифунович көзге түсті. Милош Трифунович осымен біріншіліктегі 10-ншы голын соғып отыр. «Атырау» командасы Владимир Никитенконың жетекшілігімен екінші рет жеңіс тойын тойлады. Турнир кестесінде «Атырау» командасы 18 ұпаймен сегізінші сатыдан жетіншіге көтерілді. Ал, павлодарлық клуб 13 ұпаймен оныншы орында келеді.

"Тараз" - "Жетісу" (Талдықорған) - 2:0

Тараздықтар өз алаңында екі доп айырмашылығымен «Жетісу» командасын қапы қалдырды. Гол авторлары -  Жақып Қожамберді мен Олег Недашковский. Екі ойыншы да допты алғашқы тайымда салды.

Бұл жеңіс арқылы тараздықтар 14 ұпаймен бір орынға жоғары жылжыды. Ал, талдықорғандық ұжым 15 ұпаймен бір саты төменге сырғып, сегізінші орынға жайғасты. 

"Қайрат" (Алматы) - "Шахтер" (Қарағанды) - 6:1


Қарағандылық клуб «Қайраттың» қауһарына төтеп бере алған жоқ. Алматының орталық стадионында өткен ойын 6:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Алғаш болып «Шахтер» командасының ойыншылары есеп ашты. Ойынның 21-нші минутында Гедиминас Вичюстың әдемі комбинациясынан кейін Дмитрий Хомич алғашқы допты «Қайрат» қақпасында тулатты. Бірінші тайм аяқталар тұста алматылықтар сапынан Александр Кислицын гол соғып, есепті 1:1-ге жеткізді. Ол бұрыштамадан асырылған допты тиімді пайдаланған болатын.

Екінші тайм басталысымен «Қайрат» командасының ойыншылары белсенді көрінді. Әсіресе Бауыржан Исламханның жарқын ойыны алматылықтарды алға жетелеп отырды. Екінші таймның басында Исламханның дәл пасын тиімді пайдаланған Исаэль Александр Мокинді алдап өтіп, есепті еселей түсті. Одан кейін Жерар Гоу екі минуттың ішінде екі доп соғып, алты ойында сегіз голдың авторы атанды. Ал, 68-нші минутта Аслан Дарабаев көзге түссе, арада бір минут өтер-өтпестен Исаэль екінші рет мергендік танытты.

Владимир Вайсс шәкірттері бүгінгі ірі жеңістен кейін 24 ұпаймен көш тізгінін өз қолына алды. Олар көш басындағы «Ақтөбе» командасынан екі ұпайға алға шықты. Алайда кеше ғана Еуропа Лигасында өнер көрсеткен ақтөбеліктердің бірі ойыны кем екенін айта кеткен жөн. Ал, «Шахтер» командасы бүгінгі сәтсіздіктен кейін 19 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.

Еуропа Лигасының іріктеу турнирінде бақ сынаған қазақстандық тағы бір клуб - "Астана" командасы турнир кестесінің бесінші сатысында тұр. Елордалық команданың да бұл турдағы ойыны кейінге шегерілген болатын.

ХХІV тур қорытындысы бойынша үздік сұрмергендер көшін "Ертіс" командасының футболшысы Константин Дудченко бастап келеді. Оның еншісінде 10 доп бар. 

1-6 орын

  Командалар    Ойын    Жеңіс    Тең    Жеңіліс    Голдар    Ұпай  
1  Қайрат 23 14 3 6 47-21 24
2  Қайсар 24 9 9 6 24-23 20
3  Шахтер 24 11 4 9 34-33 19
4  Ордабасы 23 10 5 8 24-23 18
5  Астана 22 10 9 3 34-17 20
6  Ақтөбе 22 12 7 3 34-17 22

7-12 орындар

  Командалар    Ойын    Жеңіс    Тең    Жеңіліс    Голдар    Ұпай  
1  Атырау 24 8 6 10 23-29 18
2  Жетісу 24 7 7 10 16-21 15
3  Тараз 24 6 5 13 23-34 14
4  Ертіс 24 6 7 11 30-38 13
5  Тобыл 24 6 8 10 24-33 13
6  Спартак 24 4 6 14 18-42 11


Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Ө. Сансызбай