Фабио Капелло «жұлдыздар» командасын бастап келеді

Алматылық «Қайрат» футбол клубы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында әлем футболының «жұлдыздарынан» құралған командаға қарсы жолдастық кездесу өткізетіні туралы хабарлаған едік. Енді сол команданы Ресей құрамасының бас бапкері Фавио Капелло бастап келетін болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Италиялық маман әлемдегі ең танымал бапкерлердің бірі. Ресей құрамасының тізгінін ұстағанға дейін 2008-2012 жылдары Англия ұлттық құрамасын жаттықтырған. Ал оған дейін әйгілі «Милан», «Реал», «Рома» және «Ювентус» футбол клубтарының бас бапкері болғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Ал «жұлдыздар кездесуіне» Әлем Кубогы, Чемпиондар Лигасы, құрлықаралық кубоктар мен әлем және Еуропаның үздік футболшысы атағын иеленген ойыншылар қатысады деп күтілуде. Ойын 26 қыркүйекке жоспарланған. Командалар құрамы жақын уақытта белгілі болмақ.

«Қайрат» командасының құрамында Фанас Салимов, Сергей Стукашов, Валерий Гладилин, Сергей Рожков, Евгений Яровенко, Евгений Кузнецов, Игорь Авдеев, Руслан Балтиев, Дмитрий Огай және Михаил Гурман сынды ардагер футболшылар ойнайды деп күтілуде.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:sports.ru