Қазақстан Азия кубогының екінші күні де жеңілді

Қазақстан Азия кубогының екінші күні де жеңілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніндегі волейболдан ерлер арасында IV Азия кубогы және ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы халықаралық турнирдің екінші күнінде де жерлестеріміз жеңіліс тапты.

Оңтүстік Корея құрамасымен сынға түскен Қазақстан құрамасы үш кезеңде де қарсыластарына есе жіберді. Бірінші кезеңде терезесі тең өнер көрсетіп келе, соңына қарай 22:25 есебімен жеңіліп қалды. Екінші кезең 14:25 есебімен толықтай қонақтар пайдасына шешілді. Соңғы сәттерде намысқа тырысқан Андрей Патраков шәкірттерінен нәтиже шықпады. Қорытындысында екі кездесуден бірде-бір кезеңді сәтті аяқтай алмаған жерлестеріміз ертең дәл осындай нәтижемен келе жатқан Жапония құрамасымен кездеседі.

Екінші күннің шымылдығын түрген кездесуде Аустралия құрамасы Тайландқа 0:3 есебімен ұтылды. Кеше жеңіске жеткен Үнді мен Иран құрамалары екінші күні де жеңісті жолын жалғады. Ертең топтық кезеңнің соңғы ойындары өтеді.

Үшінші күн кестесі

11:00. Иран – Аустралия

14:00. Тайланд – Қытай

16:00. Үндістан – Оңтүстік Корея

18:00. Қазақстан – Жапония

Ойындар Астана уақытымен көрсетілген

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: volley.kz

Ө. Сансызбай