Бүгін Алматыда волейболдан Азия кубогы басталады

Бүгін Алматыда волейболдан Азия кубогы басталады

Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде волейболдан ерлер арасында IV Азия кубогы және ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы халықаралық турнир басталады. Аламанда 8 елдің құрамасы бақ сынайды.

Андрей Патраков жаттықтыратын Қазақстан құрамасы «А» тобында өнер көрсетеді. Бұл топта біздің құрамамен қатар Жапония, Оңтүстік Корея мен Үнді елінен келген құрамалар бар. Ал «В» тобына Қытай, Иран, Аустралия және Таиланд құрамалары түскен. 24 тамыз күні мәресіне жететін дода жылда осы уақытта өткізілетін «Президент кубогы» жарысымен тұспа-тұс келуіне орай ресми түрде «IV Азия кубогы және ҚР Президентінің кубогы» халықаралық турнирі болып аталды.

Жарысқа қатысушы барлық құрамалар алдарына биік мақсат қойып отыр. Аустралия, Қытай және Иран құрамалары турнирге жас волейболшыларын әкеліпті. Бас бапкерлерінің айтуынша, жас ойыншыларға бұл дода тәжірбие жинақтауға зор пайдасын тигізбек. Тайланд құрамасы жас шамасы аралас ойыншылар алып келсе, Жапония, Оңтүстік Корея мен Үнді елі негізгі құрамда өнер көрсеткелі отыр. Сонымен қатар, бұл құрамалардың бас бапкерлері жарыс жеңімпазы атануға шәкірттерінің барын салатынын жеткізді. Ел құрамасының бас бапкері Андрей Патраков та тек жеңіс үшін жігіттердің тер төгетінін айтты. Рейтингте келіп отырған құрамалардан нәтижесі төмен Қазақстан құрамасы өз жанкүйерлерінің алдында абыройын өсіруге тамаша мүмкіндік алып отыр. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! 

Кездесулерді «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.

Жарыс кестесі

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:volley.kz

О. Сансызбай