Англия премьер-лигасында қандай өзгерістер бар?

О Сансызбай Корреспондент
Англия премьер-лигасында қандай өзгерістер бар?

Ертең футболдан ағылшын премьер-лигасының ойындары басталады. Ал маусым алдында премьер-лига ойындарын қадағалайтын басшылық бірнеше жағдайларға айрықша тоқталып, жаңа ережелер енгізіп отыр. Ендеше таныс бола отырайық.

БӨЛІСУ

Есінен танған ойыншы алаңға қайта шықпайды


Англия футбол қауымдастығы ойын кезінде есінен танған футболшының қайта ойынға араласуына тыйым салды. Енді футболшының алаңға қайта шығуын бапкерлер қосыны шешпейтін болады. Сонымен қатар, есінен танған футболшы арада алты күн өтпей келесі кездесуге қатыспайтын болып шешілді. Өткен маусымда «Тоттенхэм» қақпашысы Уго Льорис Ромелу Лукакумен қақтығысып қалып, есінен танып қалған еді. Бірақ, голкипер мен дәрігерлер, және ойыншының өзі ойынды жалғастыруға рұқсат алған. Алайда кейіннен Франция құрамасының ойыншысы денсаулығына байланысты бірнеше кездесулерге шыға алмай қалған-ды.

Футболшылар букмекерлерге барып бәс тікпейді


Англия футбол қауымдастығы футболшылардың бәс тігуін қатаң бақылауға алды. Осыған дейін ойыншылар өз командасы мен қатысып жатқан жарыстарға бәс тіге алмайтын болса, жаңа маусымнан бастап барлық ойындарға бәс тігуге тыйым салынды. Қауымдастықтың бас хатшысы Алекс Хорнның айтуынша, бұл келісілген ойындардың алдын алу үшін жасалып отырған іс екен. Соның арқасында ағылшын премьер-лигасы әлемде ең әділ өтетін ойындарымен ерекшеленетін болады деп мәлімдеуде.

Жанкүйерлерге ғаламторға ойын сәтінен көріністер салуға болмайды


Англия премьер-лигасы басшылығы жанкүйерлердің ойын сәтіндегі бейне және фото көріністерді әлеуметтік желілерде салуға тыйым салып отыр. Әлеуметтік желілердегі мұндай қадамдар авторлық құқықты бұзу болып табылатынын қатаң ескертуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында, премьер-лиганың баспасөз хатшысы Дэн Джонсон суреттер мен ойындағы айрықша көріністерді әлеуметтік желілерде жариялағандар арнайы жаңа технология көмегімен анықталатынын баса айтуда. Жаңадан іске қосылғалы отырған жүйе twitter, instagram және vine желілеріндегі ақпарат иелерін автоматты түрде анықтап, хабарламаларын жойып отыратын көрінеді. Бұл жаңалықты, әсіресе, спорт телеарналары қуана қабылдап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін «Манчестер Юнайтед» клубының басшылығы «Олд Траффордқа» планшет не ноутбук алып кіруге болмайтынын, және көлемі 15х10 келетін өзге де көріністерді түсіре алатын технология құралдарын алып келуге рұқсат жоғын жанкүйерлеріне ескерткен болатын. 


Ағылшын премьер-лигасының 2014/2015 жылғы маусымдағы ойындарының шымылдығын ертең «Манчестер Юнайтед» пен «Суонси» командалары түреді. Тағы бір айта кететіні, әлемдегі тартысты біріншілік саналатын ағылшын премьер-лигасының ойындарын «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тамашалай аласыздар. Ел спортының жаршысы саналып жүрген арна алдағы екі маусым ойындарын көрсетуге келісімге отырған.

І тур, ойындар кестесі

16 тамыз, сенбі 17:45  Манчестер Юн      Суонси Сити      
20:00  Лестер     Эвертон            
20:00  КПР    Халл Сити          
20:00  Сток Сити      Астон Вилла       
20:00  Вест Бромвич    Сандерленд       
20:00  Вест Хэм    Тоттенхэм          
22:30  Арсенал    Кристал Пэлас    
17 тамыз, жексенбі 18:30  Ливерпуль    Саутгемптон      
21:00  Ньюкасл    Манчестер Сити 
18 тамыз, дүйсенбі    01:00  Бернли    Челси                

 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kazsporttv.kz, sports.ru,fapl.com