Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Тромседе алтыншы орынды иеленді

О Сансызбай Корреспондент
Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Тромседе алтыншы орынды иеленді

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Норвегияның Тромсе қаласында өткен дүниежүзілік Олимпиадада алтыншы орынға тұрақтады. Бұл нәтиже жерлестеріміз үшін үлкен жетістік болып саналады. Өйткені, әлемдік аламанда 130-дан астам елдің құрамалары бақ сынады.

БӨЛІСУ

Құрамында Гүлісхан Нахбаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова және Мәдина Дәулетбаевалар бар жерлестеріміз соңғы ойынында Чехия құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде отандастарымыз 8 кездесуде жеңіске жетіп, 1 кездесуді тең аяқтап, 2 кездесуде ғана жеңіліс тапты. Қоржындарына 17 ұпайды салып, VI орынға тұрақтады. Әйелдер арасында топ жарған Ресей құрамасынан 3 ұпай аз жинаған Қазақстан құрамасы дүниежүзілік додада фавориттер қатарынан көрінбеген болатын. Сәтті қадамдарының арқасында көпшілік күтпеген жетістікке қол жеткізе білді.

Дүниежүзілік Олимпиаданың чемпионы атағын Ресей шахматшы арулары жеңіп алды. Олар 11 кездесудің біреуінде ғана жеңіліс тапты. Екінші орынға Қытай ие болса, үштікті Украина құрамасы қорытындылады. Ал Армения, Грузия және Қазақстан құрамаларының ұпайлары 17-ден болған. Бірақ, қосымша нәтижелер арқасында қарсыластар алға озып кетті.

Ерлер арасындағы соңғы кездесуде Қазақстан құрамасы Венесуэламен тең ойнады. Төрт тақтадағы ойындарда да тең есеп тіркелді. Нәтижесінде 13 ұпай жинаған жерлестеріміз 42-ші орынға тұрақтады. Ал ерлер арасындағы сында Қытай шахматшылары топ жарды. Екінші орынды – Венгрия, үшінші орынды Үнді елінің құрамасы қанжығаларына байлап қайтты. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sportinfo.kz