«Легия» үмітін үзер емес

«Легия» үмітін үзер емес

Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Ақтөбемен» жолы түйіскен польшалық «Легия» Чемпиондар лигасынан әлі де үміт үзгісі келмейді. Кеше УЕФА команданың өтінішін қанағаттандырмағандықтан, клуб басшылығы бүгін Лозаннадағы спорт істері бойынша төрелік жасайтын сотқа (CAS) шағым түсірмек.

- Біз соңына дейін үмітімізді үзбейміз. Шешім әділетті түрде қаралған жоқ. УЕФА өтінішімізді қанағаттандырмағандықтан, біз енді спорт істері бойынша төрелік жасайтын сотқа (CAS) шағым түсіреміз. Лозаннадан әділетті шешім қабылданар деген үмітіміз бар. Біз алаңдағы нәтижемізді қайтаруға тиіспіз, – деді команда иесі Дариуш Миодуски. Ал клуб президенті Богуслав Лешнодорски командасының соңғы сәтке дейін Чемпиондар лигасында өнер көрсетуі үшін күресетінін мәлімдеп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, шотландиялық «Селтикпен» алғашқы кездесуде «Легия» 4:1 есебімен жеңген болатын. Қарымта ойында да олар екі доп басымдығымен жеңіп тұрған-ды. Польшалық команда бапкерлер қосыны қателігінен кейін қара басып, Еуропа лигасына түсті. Енді CAS қандай шешім шығарарын күтпек. Ал «Ақтөбемен» өтетін кездесу 21 тамызға жоспарланған.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: legia.com

Ө. Сансызбай