Қазақстан Тәжікстанды жеңе ме?

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан Тәжікстанды жеңе ме?

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Тәжікстанмен жолдастық кездесу өткізеді. Ойын Алматының орталық стадионында өтеді. Ойынға кіру тегін.

БӨЛІСУ

Мухсин Мухамадиев жаттықтыратын тәжік елінің футболшылары соңғы кездесуін 7 маусым күні Эстонияға қарсы өткізген. Бірінші болып есеп ашып, соңғы минуттарда өз қақпаларына екі гол жіберіп алған екен. Ал Юрий Красножан баптайтын жерлестеріміз 8 маусым күні Венгриядан 3:0 есебімен ұтылған-ды. 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуін ойындарына дайындығын шыңдау мақсатында өткізілгелі отырған ойында Қазақстан құрамасы фаворит екені анық. Ал ФИФА рейтингінде Тәжікстан құрамасының бәсі 3 сатыға жоғары тұр. Десе де бүгін отандастарымыз бұл көрсеткіш дәрежесінен қарымы жоғары екенін танытады деген сеніміміз мол.

Тәжікстан құрамасының көп ойыншылары ішкі біріншіліктеріндегі командаларда өнер көрсетеді. Көп ойыншылары жергілікті «Истиклол» клубында ойнайды. Ал танымал қорғаушыларының бірі Давронжан Эргашев талдықорғандық «Жетісу» сапында өнер көрсетеді екен. Қақпашы Алишер Туйчиев пен Фатхулло Фатхуллоев та командасының үздіктері саналады.

Қос құрама соңғы рет 2007 жылы жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан. Таразы басын теңестірген голды Қайрат Нұрдәулетов соққан болатын.

Бүгінгі ойында бас қазы қызметін Қырғыз елінен келген төрешілер жұбы атқарады. Дмитрий Мешенцевке жасыл алаң жиегінде Сергей Грищенко мен Баходыр Кочкаров көмектеседі. Нақтырақ айта кетсек, соңғысы өзбек Рафшан Ирматовпен қатар Бразилияда өткен әлем чемпионатына да қазылық жасап келген.

Бұл ойынды ел арналары тікелей эфирде таратпайды. Мұның мәнін KazSport арнасы хоккейден Президент Кубогының финалдық кездесуімен уақыты сәйкес келуімен түсіндіріп отыр. Жазба нұсқасын 21:30-да ұсынады. Ал ғаламтор бетіндегі ҚФФ-ТВ жобасы тікелей эфирден көрсетеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 19:30-да басталады. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kff.kz