Лэмпард «Манчестер Ситиге» неге ауысты?

Лэмпард «Манчестер Ситиге» неге ауысты?

Жақында ғана лондондық «Челсиден» америкалық «Нью-Йорк Ситиге» ауысқан Фрэнк Лэмпард алдағы алты айда «Манчестер Ситиде» өнер көрсететін болды. Бұл ақпаратты ағылшындық клуб растап отыр.

Отыз алты жастағы жартылай қорғаушы 2001 жылдан бері «Челси» сапында өнер көрсетіп келген еді. Осы уақыт аралығында 429 кездесуге қатысып, 147 гол соққан. Команданың ірі жетістіктерге жетуіне де өз септігін тигізген-ді. Жақында MLS біріншілігінде өнер көрсететін «Нью-Йорк Сити» клубына ауысқан Лэмпард уақытша «Манчестер Ситиде» жалда жүретін болды. Өйткені, жаңадан жасақталған америкалық клуб келер маусымнан бастап қана біріншілікке қатысады. Осыған дейін «Нью-Йорк Сити» Давид Вильямен келісімшартқа отырып, кейіннен аустралиялық «Мельбурнға» жалға берген болатын.

- «Манчестер Ситиге» ауысу – америкалық клуб қатарында жоғарғы деңгейде ойнап кетуіме үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл менің спорттық мансабымдағы жарқын сәт, - деді Лэмпард. Ал клубтың бас бапкері Мануэль Пеллегрини де жартылай қорғаушының командасына келгенін қуанышпен қабыл алып отыр.

Көптеген футбол жанкүйерлері мен лондондық «Челси» фанаттары Фрэнк Лэмпардтың «Манчестер Ситиде» ойнайтынын қаламайды. Ол туралы әлеуметтік желілерде жазып та жатыр. Бірақ, америкалық  «Нью-Йорк Сити» командасы негізінен «Манчестер Сити» футбол клубы мен америкалық «Нью-Йорк Янкиз» бейсбол клубтарының демеушілігімен құрылғанын ұмытпаған жөн. Футболшы клубта 18-ші нөмірмен өнер көрсететін болды.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай