Шумахердің әйелі күйеуінің ұшағын сатып жібермек

Шумахердің әйелі күйеуінің ұшағын сатып жібермек

«Формула-1» жарысының жеті дүркін чемпионы Михаэль Шумахердің әйелі Коринна көп уақыт бойы ес-түссіз жатқан спортшының жеке ұшағын сатуға қойды. Бұл туралы Bild хабарлады.

Михаэль Шумахердің Falcon 2000EX деп аталатын ұшағы 8 адамдық. Ұшақ фюзеляжында пилоттың аты-жөнінің бірінші әріптері таңбаланған. Дәл осындай маркалы жаңа ұшақтар 25 миллион еуро болса, Коринна оны 20 миллионға бағалап отыр.

2013 жылдың 29 желтоқсанында Шумахер Франциядағы Альп тауының бөктерінде шаңғы теуіп жүріп басын жарақаттаған болатын. Содан бері ол ес-түсін білмей, емханада жатты. Тек маусым айының соңына қарай есіне келіп, Гренобльдегі реабилитациялық клиникадан Лозанна қаласындағы ауруханаға ауыстырылғаны жайлы ақпарат тараған еді.

Дәрігерлер үстіміздегі жылдың шілде айында Шумахерді үйде емделуге рұқсат етуі мүмкін. Танымал спортшының үйі Лозанна қаласының маңындағы женевалық көл жағалауында орналасқан.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Mark Murdock / Flickr

А. Құлтай