Еуропа лигасы. Бүгін ел клубтары шешуші кездесулерін өткізеді

Еуропа лигасы. Бүгін ел клубтары шешуші кездесулерін өткізеді

Бүгін Еуропа лигасының екінші електік кезеңінде ел намысын қорғап жатқан клубтар жарыс жолына шығады. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

«Шахтер» (Қазақстан) – «Атлантас» (Литва)

Бірінші кездесуін түзде өткізген қарағандылық ұжым литвалық командамен тең түскен болатын. Қос клуб та бір-бірінің қақпаларының саңылауын таппаған-ды. О бастан фаворит саналған «Шахтер» нәтижені өз пайдасына шешіп қайтпаса да ойындағы басымдықты көрсете білген-ді. Бүгін де Виктор Кумыков шәкірттері жүйелі ойын өткізетініне жанкүйерлер мен футбол мамандары шүбә келтірмеуде. «Кеншілер» ұжымына берілген мүмкіндікті жібермеу қажет. Қарсыластың Литвада әлеуетін байқап келген бас бапкер бүгін аса көп тәуекелге бармай, командаға тиімді ойын жүйесін ұстанады деген сенімдеміз. Қарағандыда өтетін ойын Астана уақытымен сағат 18:30-да басталады. Кездесуді тікелей эфирде «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар.

Үшінші кезеңге өткен ұжым Ирландияның «Дандолк» және Хорватияның «Хайдук» командалары арасындағы жеңімпазбен жолығады. Алғашқы ойында хорват командасы екі доп басымдығымен сырт алаңда жеңіске жеткен.

«Эсбьерг» (Дания) – «Қайрат» (Қазақстан)


«Эсбьерг» есе жібермейді деп қарайтындар көп. Алматының орталық стадионында өткен алғашқы кездесуде 1:1 есебі тіркелді. «Қайрат» жеңіп тұрып, жеңісті уысынан шығарып алды. Өткен маусымда Еуропа лигасында сәтті өнер көрсеткен дат ұжымы бұл маусымда да сол көрсеткішін қайталағысы келеді. Бүгін  «Блю Вотер Аренадағы» ойында қос ұжым да шабуылға баса мән беретіні белгілі. Қазақстандық команда үшін 1:1 есебі қанағаттанарлық емес екені белгілі болса, алаң иелері өз алаңында желпінері тағы бар. Бастысы қазақ футболының жанкүйерлері Владимир Вайсс шәкірттеріне сәттілік тілейді. Ойынға Финляндиядан келген қазылар төрелік жасайды. Денис Антамоға жасыл алаң жиегінде Юкка Хонканен мен Йонас Турунен көмектеседі. Астана уақытымен сағат 23:00-де басталатын кездесуді «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар.

Екі клуб кездесуінен үздік шыққан ұжым үшінші кезеңде Польшаның «Рух» пен Лихтенштейннің «Вадуц» клубтары арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Бірінші ойында поляк ұжымы өз алаңында қарсыластарынан 3:2 есебімен басым түскен болатын.

«Хапоэль» (Израиль) – «Астана» (Қазақстан)


«Астана-Арена» стадионында өткен алғашқы кездесуде жерлестеріміз қарсыластыранан 3:0 есебімен басым түсті. Нәтижесінде үшінші електік кезеңге өту мүмкіндігіне бір табан жақындай түсті. Бүгінгі ойын Израильдегі саяси жағдайға байланысты Кипр астанасы Никосияда өтеді. Елордалық ұжым өз ойынын тауып, келесі кезеңге өтіп жатса, солтүстік ирландиялық «Линфилд» пен Швецияның «АИК» клубтары арасындағы жеңімпазбен кездесетін болады. Бірінші кездесу 1:0 есебімен «Линфилд» пайдасына шешілген. Ойын Астана уақытымен сағат 23:30-да басталады. 

Естеріңізге сала кетсек, кеше Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне өткен "Ақтөбе" үшінші електік кезеңде Бухаресттің "Стяуа" клубымен кездесетін болды. Алғашқы кездесу 29-30 шілдеде болса, 5-6 тамыз күні қарымта кездесу өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vk.com

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Балалардың еркелігі мен қыңырлығы. i-balaqai жобасында Елена Бурьевая
Балалардың еркелігі мен қыңырлығы. i-balaqai жобасында Елена Бурьевая
Қазақстан egov дамуының әлемдік рейтингінде 10 саты жоғарылады
Қазақстан egov дамуының әлемдік рейтингінде 10 саты жоғарылады
UFC 251. Жалғас Жұмағұлов жеңіске жете алмады
UFC 251. Жалғас Жұмағұлов жеңіске жете алмады
5G жайлы 5 миф
5G жайлы 5 миф
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Бауырдың қабынуы
Бауырдың қабынуы