«Қайрат» премьер-лига көшін бастады

«Қайрат»  премьер-лига көшін бастады

Ел премьер-лигасының ХІХ тур ойындары мәресіне жетті. Турдың басты кездесуі саналған «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы ойында Владимир Вайсс шәкірттері 7:1 есебімен жеңіске жетті.

Алматының орталық стадионында өткен кездесуде «Қайрат» қарсыласын ойсырата жеңді. Жақында ғана клуб қатарын толықтырған Жерар Гоу хет-трик жасаса, Йосип Кнежевич дубль авторы атанды. Ал екінші тайм бастала сала Зауырбек Плиевтің алыстан дәл бағыттаған соққысына Андрей Сидельников қорған бола алмады. Ұлттық құрама қақпашысы бірнеше сәтте өрескел қателік жіберді. Соның бірін Бауыржан Исламхан пайдалана білді. Жеті допты «Ақтөбе» қақпасына тоғытқаннан кейін, «Қайрат» ойыншылары арқаны кеңге сала бастады. Ал бұл сәтті Андрей Антонов өз пайдасына асыра білді. Алыстан дәл бағыттаған соққысы қақпа төрінен табылды. Соңғы ойындарында сәтсіздікке ұшырап, ұпай жоғалтып жүрген батыс қазақстандық клуб турнир көшінің тізгінін Владимир Вайсс шәкірттеріне ұстатты. Ойын соңындағы пресс-конференцияда «Ақтөбе» бапкері Владимир Никитенко «шабуылды басты назарда ұстаймыз деп қателестік» деді. Кейіннен бұл бапкердің өз өтінішімен қызметінен кеткені белгілі болды.


Жақында ғана Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесулерінде армениялық клубтарға мықтылығын мойындатқан «Астана» мен «Шахтер» кездесуінде елордалық ұжым айқын жеңіске жетті. Команда қатарынан Абзал Бейсебеков, Фокси Кетевоама, Бауыржан Жолшиев пен Танат Нөсербаев гол соғып белсенді.

Қостанайда өткен «Тобыл» мен «Ертіс» кездесуінде тең есеп тіркелді. Алаң иелері қатарынан Кушнир гол соқса, қонақтар қатарынан Дудченко бір допты еншісіне жазып қайтты.

Кеше өткен кездесулер нәтижесі:

«Ордабасы» — «Атырау» 1:0 (0:0)
Гол: 
Касьянов 76 (1:0)

«Қайсар» — «Спартак» 1:1 (1:0)

ГолдарСтруков 26 (1:0), Пеев 64 (1:1)

«Жетісу» — «Тараз» 1:0 (0:0)

Гол: Ахметович 90+2 (1:0)
Алаңнан қуылды: Климавичус 84 — Рой 77

№  Командалар   Ойын Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  ҚАЙРАТ 19 11 3 5 34-18 36
2  АҚТӨБЕ 19 10 6 3 28-15 36
3  АСТАНА 19 9 7 3 30-16 34
4  ШАХТЕР 19 10 2 7 30-23 32
5  ОРДАБАСЫ 19 8 4 7 20-20 28
6  ҚАЙСАР 19 7 7 5 19-20 28
7  ЖЕТІСУ 19 7 4 8 15-17 25
8  АТЫРАУ 19 6 6 7 18-18 24
9  ТОБЫЛ 19 5 8 6 18-24 23
10  ЕРТІС 19 6 4 9 24-27 22
11  ТАРАЗ 19 4 3 12 15-30 15
12  СПАРТАК 19 2 4 13 12-35 10

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Л. Лига