Ел клубтары Еуропа лигасын жеңіспен бастады

Ел клубтары Еуропа лигасын жеңіспен бастады

Жаңа ғана футболдан Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынаған ел клубтары алғашқы кездесулерін жеңіспен бастады. Жерлестеріміздің жеңісімен құттықтаймыз!

Алматылық «Қайрат» өз алаңында албаниялық «Кукеси» командасынан басым түсті. Ойынды толықтай өз басымдығымен өткізген Владимир Вайсс шәкірттері 89 минутта қонақтар қақпасынан саңылау тапты. Жеңіс добын екінші таймда алаңға кірген Асан Дарабаев еншісіне  жазды.

Арменияда қарағандылық «Шахтер» мен елордалық «Астана» қарсыластарына мықтылығын танытып қайтты. Өткен маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен «кеншілер» ұжымы 1:2 есебімен жеңіске жетті. 71 минутта Михрет Топшагич есеп ашса, 83 минутта Сергей Малый есепті еселеді. Бірақ, араға 2 минут сала «Ширак» пенальтиді сәтті орындап, есепті қысқарта білді.

«Астана» «Пюникті» 1:4 есебімен ойсырата жеңді. 40 минутта Танат Нөсербаев Еуропа лигасындағы алғашқы голды соғып, командасын алға шығарды. 67 минутта Бауыржан Жолшиев есепті еселесе, араға 1 минут сала алаң иелері есепті қысқартты. Бұл есепке қанағаттанбаған «Астана» футболшылары 71 минутта Фокси Кетевоама мен 84 минутта Атанас Курдовтың соққан голдарынан кейін қарсыластарының мысын толықтай басты. 

Қарымта кездесулер 10 шілде күні өтеді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай