HBO арнасы ұсынған видеоанонс: Головкин vs Гил

HBO арнасы ұсынған видеоанонс: Головкин vs Гил

26 шілде күні Нью-Йорктегі 20 мың көрерменді бір уақытта жинай алатын атақты Madison Square Garden аренада орта салмақтағы WBA суперчемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен осы салмақтағы әлемнің бұрынғы үш дүркін чемпионы аустралиялық Дэниэл Гил арасында көптен күткен кездесу өтеді. Одан бөлек, андеркартта (негзігі жекпе-жек алдындағы қыздырыну кездесуі) ауыр салмақтағы Брайант Дженнингс пен Майк Перес кім мықтыны анықтайды. Кездесуге сатылатын билеттердің қазіргі бағасы орындардың орналасуына қарай 60-2500 АҚШ доллары аралығын құрайды. Егер жерлесіміздің өнерін залдан тамашалаймын десеңіз, мына сілтемеге өтіп, билетіңізді онлайн түрде сатып алсаңыз болады.

Сонымен назарларыңызға бокс кешін күллі жаһанға тікелей эфирден тарататын америкалық HBO телеарнасының алдағы кездесу жөнінде жариялған видеоанонсын ұсынамыз. 

Видеоны HD сапасында көре аласыздар!

Қазақ көрермендеріне АҚШ-та өтетін жекпе-жекті Kazsport арнасы тікелей эфирден көрсетуді жоспарлап отыр. Кештің басталуы Астана уақыты бойынша шамамен 27 шілде күні сағат 08.00-09.00-ға сай келеді.   

Геннадий Головкин үшін Гилмен болатын кездесу кәсіпқой мансабы жолындағы 30-шысы саналады. Оған дейін 29 жекпе-жектің барлығында да жеңіске жеткен ол 26-сын уақытынан бұрын (нокаут немесе техникалық нокаут) аяқтаған. Ал Гилдің еншісінде 30 жеңіс пен 2 жеңіліс бар. 

Сондай-ақ букмекерлік кеңселер бұл кездесуде Геннадий Головкин айқын фаворит дегенді айтады. Олар Генаның жеңісіне бар-жоғы 1,07 коэффициент берсе, Гилдің жеңісін 10 коэффициентке бағалапты. Осыған қарамастан, Головкин аустралиялықпен болатын жекпе-жегі өміріндегі ең ауыры болатынын да мойындап отыр. 


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: mainevent.com.au

Б. Қосмағамбет