Forbes: Мейвезер – ең бай спортшы

Forbes: Мейвезер – ең бай спортшы

Forbes журналы жыл сайынғы дәстүрімен «әлемдегі ең бай 100 спортшының» рейтингін жариялады. Басылымның пікірінше, соңғы 12 айда 37 жастағы америкалық боксшы кіші Флойд Мейвезер бәрінен көп қаржы тапқан – 105 миллион АҚШ доллары.

Журналдың есептеуінше, оның 32 миллион долларын Мейвезер өткен айда аргентиналық Маркос Майданамен болған кездесуден түсірсе, 73 миллион долларын өткен жылдың қыркүйек айында Сауль Альвареспен өткен жекпе-жекте тапқан.

Флойд Мейвезер

Айта кетейік, Флойд (лақап аты «Ақша») Мейвезер қазіргі таңда барлық салмақ дәрежесі бойынша әлемнің үздік боксшысы саналады.  

Тізімнің екінші орнына «Реал Мадрид» футбол клубының португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду орналасқан. Ол бір жылдың ішінде 80 миллион долларға қалтасын толтырыпты. Оның 28 миллионы жарнамалық келісімшарттардан келген.

Ұлттық баскетбол қауымдастығының (NBA) мүшесі «Майами Хит» клубының ойыншысы Леброн Джеймс болса 72,3 миллион доллар қаржымен үшінші орынға тұрақтады. Ал төртінші және бесінші орындарды сәйкесінше Лионель Месси (64,7) мен Коби Брайант (61,5) иеленген.  

Сондай-ақ алғашқы ондыққа гольфшы Тайгер Вудс (61,2), теннисші Роджер Федерер (56,2), гольфшы Фил Микельсон (53,2), әлемнің бірінші нөмірлі ракеткасы Рафаэль Надаль (44,5) және америкалық футбол лигасының ойыншысы Мэтт Райан (43,8) кірген.

Арнайы бокс жанкүйерлері үшін хабарлай кетсек, украиналық кәсіпқой боксшы Владимир Кличко 28 миллион доллар табысымен 25-орынға жайғасыпты.

Әйелдер арасындағы жылдың ең бай спортшысы болып 24,4 миллиондық көрсеткішпен ресейлік теннисші Мария Шарапова танылды.

1

Мария Шарапова

Ал жалпы рейтинг бойынша ол 34-орында тұр.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: totalprosports.com

Б. Қосмағамбет