Головкин: "Мен үшін бастысы - физикалық емес, психологиялық дайындық"

Головкин: "Мен үшін бастысы - физикалық емес, психологиялық дайындық"

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлемнің «суперчемпионы» Геннадий Головкин Boxingscene.com сайтына берген сұқбаты кезінде алдағы қарсыласы Дэниэль Гилді осыған дейін жұдырықтасқан қарсыластарымен салыстыра отырып, аустралиялық боксшы жөнінде өз пікірімен бөлісе кетіпті. Назарларыңызға чемпионмен болған сұқбатты ұсынамыз. 

- Геннадий, алдымен әкеңіздің жақында қайтыс болғанына қайғыра көңіл айтамын. Қазір жағдайыңыз қалай? Осындай үлкен қайғыдан кейін рингке қайтып оралу оңайға соқпаған шығар?

- Рақмет. Бәрі тамаша деп айта алмаймын, бірақ жағдайым жаман емес. Психологиялық тұрғыдан бәрі дұрыс, физикалық жағдайым да орнында. Болған жәйт мен үшін үлкен сынақ болды.

- Абель Санчес (Головкиннің бапкері) ұзақ үзілістен кейін сізге физикалық бір сілкініс артық етпейтіндігін айтқан еді...

- Мен үшін бастысы – ол емес. Маңыздысы – психологиялық дайындық.

- Чавес пен араларыңызда орын алмай қалған кездесу жөнінде сұрасам. Онымен барынша тезірек кездескіңіз келгеніңізді де білемін. Бірақ ақырында көпшілік күткен жекпе-жек белгілі себепке байланысты өтпей қалды. Қалай ойлайсыз, ол сізден сескенетін сияқты ма?

- Жоқ, олай емес әрине. Қалай болғанда да жақын болашақта екеуміз кездесіп қалармыз деп үміттенемін. Алдымен ол кездесудің барынша пісіп жетілгені де дұрыс шығар. Бұл - бизнес.  

- Яғни сіздің ойыңызша, ол үшін бұл жәй ғана бизнес пе, әлде Чавес шынында сізден қорқа ма?

- Жоқ мен олай ойламаймын. Ол үшін бұл жәй ғана бизнес.

- Жарайды, әңгімемізді басқа арнаға бұрсақ. Алда сізді Дэниэль Гилмен болатын жекпе-жек күтіп тұр. Қарсыласыңыз жөнінде не айтасыз?

- Мен оны бұрыннан танимын. Не айтуға болады? Тамаша боксшы, оның қатысуымен болған барлық кездесулерді көріп шықтым, соңғысын да. Мен үшін нағыз қарсылас боларлық боксшы. Үлкен шоу болатыны күмәнсіз.

- Оны бүгінгі таңдағы ең қауіпті қарсыласыңыз ретінде санай аласыз ба?

- Мүмкін. Салыстырмалы түрде айтар болсам, ол Росадо, Мэттью Маклин сияқты осыған дейін кездескен боксшыларға келіңкірейді. Басты айырмашылығы – ол Аустралиядан. Ал ол жақтың стилі америкалық түрге мүлде ұқсамайды.

- Қалай ойлайсыз, сізге қарсы жекпе-жекте Гил жаңа қырынан ашылуы мүмкін бе?

- Ол жағын айта алмаймын. Алайда мен оған дайынмын. Сондықтан да мен чемпионмын.

- "Мэдисон Сквер Гарден" сияқты алып аренада өнер көрсету бақыты бұйырыпты. Қуанышты шығарсыз?

- Өте қуаныштымын. Бұл мен үшін орны ерекше жекпе-жек болғалы тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын осындай алып аренадағы чемпиондардың айқасын теледидардан ғана көретінмін. Сөзсіз бұл мен үшін үлкен сынақ болары анық. Сондай-ақ билеттердің барлығы сатылып, теледидардан нағыз шоудың болғаны да маңызды.

- Гил өзінің соңғы кездесуін Даррен Баркермен өткізді. Бұл жекпе-жектен өзіңізге қажет не алдыңыз?

- Менің ойымша, бұл кездесудің маңыздылығы аса жоғары бола қойған жоқ. Бастысы Гилдың алдағы кездесуге дайындығы. Екеуі екі бөлек нәрсе.

- Сонымен 26 шілде күні "Мэдисон Сквер Гарден" аренаға жиналған көрермендер ненің куәсі бола алады?

- Сөзсіз жан алысып жан беріскен шайқастың. Бұл МСГ аренаға келген қонақтар мен теледидар алдындағы көрермендер үшін үлкен шоу болмақ.

Сондай-ақ аталған кездесу жайында Дэниэль Гил де пікірін білдіре кетіпті: «Осы кездесуге шығуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Енді оның болар күнін асыға күтемін. Шыны керек, бұл жекпе-жекке шығу бұрыннан бергі мақсатым болған. Оны осыған дейін де ұйымдастыруға болар еді. Алайда кейбір мәселелерге байланысты ол белгісіз уақытқа ығыстырылған болатын. Сол аралықта Головкин бірнеше мықты боксшылармен кездесіп, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Алайда менің деңгейім олардан жоғары екенін, сондай-ақ өзімнің шынайы мүмкіндігімнің қандай екенін білемін. Оған осы күнге дейін ешбір боксшы көрсетпеген қарсылық танытатын боламын. Геннадийдің соққысының күші жойқын екені белгілі, бірақ ол осы тұста өзін тым ашық ұстайтынына да жасырын емес. Мен оны міндетті түрде өз пайдама жаратамын. Мен 12 раундтық кездесулердің бірнешеуінде болдым. Осындай үлкен тәжірибенің де көмегі тиері анық. Сол күні рингтен чемпиондық белбеуді беліме тағып ораламын. Оған сеніңіздер».

Естеріңізге салар болсақ, 32 жасар Геннадий Головкин мен 33 жастағы Дэниэль Гил арасындағы жекпе-жек 26 шілде күні Нью-Йорктің Madison Square аренасындағы 20 мың көрермендік үлкен залында өтіп, оны жаһанға HBO арнасы тікелей эфирден таратады. Қазіргі таңда қазақстандық боксшы Big Bear жаттығу лагерінде қызу дайындық үстінде.

Геннадий Головкин үшін Дэниэль Гилмен өтетін кездесу өз мансабындағы 30-шысы саналады. Головкин осыған дейін 29 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 26-сын уақытынан бұрын (нокаут немесе техникалық нокаут) аяқтады. Сондай-ақ ол WBA чемпиондық белбеуін 11-ші рет қорғағалы отыр. Ал аустралиялық боксшы өзінің 33-ші жекпе-жегіне қатыспақ. Осыған дейін ол 30 рет жеңімпаз атанып, екі рет жеңіліске ұшыраған.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: beatsboxingmayhem.com

Б. Қосмағамбет