Ракитич «Барселона» қатарын толықтырды

Ракитич «Барселона» қатарын толықтырды

Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Ракитич каталондық «Барселона» командасының қатарын толықтырды. Футболшы осыған дейін мадридтік «Реалға» ауысуы мүмкін деген ақпараттар тараған болатын.

Каталондық клубтың спорттық директоры Андони Субисаррета «Севилья» командасымен келісімге келгенін мәлімдеді. Трансфер құны 17,5 миллион еуроға бағаланған. Егер де футболшы командада ойынын сәтті жалғастырар болса, севильялық клуб қосымша сыйақы иеленеді. 26 жастағы Ракитич пен клуб бес жылдық келісімшартқа қол қойды. Жылдық жалақысы 8 миллион еуроны құрап отыр.

Иван Ракитич 2013/2014 жылғы маусымды сәтті өткізіп, футбол мамандарының көзіне ілікті. «Севильямен» Еуропа лигасын жеңіп алды. Ішкі біріншілікте бесінші орынға тұрақтады. 51 кездесуге қатысып, 15 гол соқты. Жартылай қорғаушы севильялық командаға ауысқанға дейін швейцариялық «Базель» мен неміс бундеслигасының танымал клубтарының бірі «Шалькеде» ойнаған.

Естеріңізге сала кетсек, каталондық клуб осыған дейін загребтік «Динамоның» жас футболшысы Ален Халиловичті құрамына қосқан болатын.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: goal.net.ua

Ө. Сансызбай