Зарина Диас Ноттингем турнирінің финалында сүрінді

Зарина Диас Ноттингем турнирінің финалында сүрінді

Қазақстандық теннисші Зарина Диас Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өткен ITF сериялы теннис турнирінің ақтық айқасында жеңіліс тапты.

Жиырма жастағы қазақ қызы финалда чехиялық теннисші Кристина Плишковамен кездескен болатын. Бірінші сетте 6:2 есебімен чехиялық теннисші басым түсті. Намысқа тырысқан Зарина екінші сетті 6:3 есебімен өз пайдасына шешті. Алайда шешуші сетте чехиялық теннисші Кристина Плишкова 6:4 есебімен жеңіске жетіп, турнир жеңімпазы атанды. 

Зарина жартылай финалда португалиялық теннисші Мишель Ларшер де Бритуді 6:2, 7:5 есебімен тізе бүктірген еді. 

Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас бірінші кезеңде австралиялық теннисші Оливия Роговскадан 6:2, 3:6, 6:0 есебімен басым түсті. Ал екінші кезеңде жиырма төрт жастағы ұлыбританиялық теннисші Наоми Броудиден айласын асырды. Есеп - 7:5, 3:6, 6:2. Жерлесіміз ширек финалда жиырма екі жастағы америкалық теннисші Мелани Одинді 6:1, 6:7 (3:7), 6:3 есебімен жеңді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 75 мың АҚШ долларын құрайды.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Н. Айдархан