Галледе Ілияс Сүлейменов топ жарды

Галледе Ілияс Сүлейменов топ жарды

Бокстан Германияның Галле қаласында дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Chemistry Cup» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Ақтық сынға шыққан төрт боксшымыздың үшеуі сүрінді.

52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Ілияс Сүлейменовтың қарсыласы молдовалық боксшы Александр Рыскань шешуші кездесуге шықпады. Нәтижесінде жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. Ал қалған үш боксшымыздың айы оңынан тумады.

49 келіде өнер көрсеткен Теміртас Жүсіпов Оңтүстік Корея елінің үміті Джонгун Шиннан аздап ұпай айырмасымен жеңіліп қалды. 60 келіде рингке шыққан Берік Әбдірахманов финалда ирландиялық боксшы Дэвид Джойсқа есе жіберіп алды. Сонымен қатар, 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов те ирландиялық танымал боксшы, 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Джо Уордқа 2:1 есебімен ұтылды. Нәтижесінде жерлестеріміз 1 алтын 3 күміспен турнирді аяқтады.

Естеріңізге сала кетсек, байрақты бәсекеге еліміздің атынан 6 боксшы аттанған болатын. Ал додада барлығы әлемнің 17 елінен 106 былғары қолғап шебері бағын сынады.

«Chemistry Cup» халықаралық турнирінде топ жарған қазақстандық боксшылар:

1995 жыл — Василий Жиров
1996 жыл — Болат Жұмаділов, Василий Жиров
1997 жыл — Болат Жұмаділов, Серік Өмірбеков
1998 жыл — Ермахан Ибраимов
2001 жыл — Бауыржан Қаирменов
2005 жыл — Серік Сәпиев, Бахыт Сарсекбаев
2006 жыл — Галиб Джафаров, Қанат Ілиясов
2007 жыл — Серік Сәпиев, Ердос Жаңабергенов
2012 жыл — Серік Сәпиев
2013 жыл — Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов
2014 жыл — Ілияс Сүлейменов

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kfb.kz

Ө. Сансызбай