Филиппо Индзаги жақын күндері "Милан" тізгінін ұстайды

Филиппо Индзаги жақын күндері "Милан" тізгінін ұстайды

"Милан" өзінің бұрынғы атақты шабуылшысы Филиппо Индзагиді команданың су жаңа бапкері етіп тағайындамақ. Бұл туралы "Corriere dello Sport" басылымы хабарлап отыр.

Филиппо Индзаги бас бапкер қызметінде голландиялық Кларенс Зеедорфтың орынын басатын болды. Бұл туралы команда басшылары 4-маусымға дейін ресми түрде мәлімдейді деп күтілуде.

Кларенс Зеедорф бапкерлік қызметіне өткен маусымда келген болатын. Ол бапкерлік еткен тұста атақты Милан, толыққанды жақсы ойын өрнегін көрсете алмады. Италия чемпионатында небәрі 8 орынды місе тұтқан Миландықтар, келесі маусымда еурокубок ойындарына қатысу құқығынан да айырылды. Милан соңғы рет 1998 жылы еурокубок жолдамасынан қағылған болатын. Осылайша 1998 жылғы болған өзінің антирекордын қайталады. Осы себептен де клуб басшылары Кларенс Зеедорфпен арада болған келісімшартты бұзуды көздеп отыр.

Жаңа бапкерге келер болсақ, Филиппо Индзаги ойыншы ретінде Милан құрамында 2001 жылдан бері өнер көрсеткен. Содан бері команда сапында 202 ойын өткізіп, 73 гол соққан екен. 2012 жылы 24 маусымда ойыншы ретіндегі мансабын аяқтап, Миланның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерін жаттықтырды. Келесі маусымда команданың жастар құрамасының бас бапкері атанды. 2013 жылы ол, Джанлуко Дзамбротта, Фабио Гроссо және Марко Матераццилермен бірге UEFA Pro атты бапкерлік лицензиясын алған екен.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: dynamo.kiev.ua

Н. Айдархан