"Chemistry Cup" турнирінде төрт боксшымыз финалға шықты

"Chemistry Cup" турнирінде төрт боксшымыз финалға шықты

Бокстан Германияның Галле қаласында өтіп жатқан "Chemistry Cup" халықаралық турнирінде төрт бірдей былғары қолғап шеберіміз жартылай финалда жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.

Кеше ғана Галле қаласындағы халықаралық бокс додасының жартылай финалына төрт бірдей отандасымыздың жолдама алғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бұл сында төрт боксшымыздың да асығы алшысынан түсті. Алғаш болып 49 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Теміртас Жүсіпов финалға шықты. Отандасымыз финалда Оңтүстік Кореялық боксшы Джонгун Шинмен кездесетін болады.

Жерлесіміздің жеңісті жолын әлем және олимпиада ойындарының күміс жүлдегері 81 келі салмақ дәрежесіндегі Әділбек Ниязымбетов жалғады. Ол жартылай финалда неміс боксшысы Серга Михеладан 2:1 есебімен басым түсті. Финалда Әділбек ирландық былғары қолғап шебері Джо Уардпен жұдырықтасатын болды.

Үшінші болып финалға 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қандасымыз Ілияс Сүлейменов шықты. Ресей чемпионы Василий Веткинді 2:1 есебімен ұтқан Ілияс, финалда қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс молдовалық боксшы Александр Рышканмен жұдырық түйістіреді.

60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Берік Әбдірахманов пен неміс Роберт Арутюнян арасындағы жекпе-жек тартысты болды. Бұл айқас 2:1 нәтижесімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Берік Әбдірахманов финалда тағы бір ирландық боксшы Дэвид Джойспен кездесетін болады.

Осылайша төрт боксшымыз финал жолдамасына қол жеткізді. Жерлестерімізге финалдық кездесулерінде тек қана жеңіс тілейміз.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sk-sport.kz

Н. Айдархан