«Қайрат» «Қайсар» қарымын тежеді

«Қайрат» «Қайсар» қарымын тежеді

Футболдан премьер-лиганың ХІV тур ойындары аяқталды. Назарларыңызға нәтижелерін ұсынамыз.

Алматылық «Қайрат» өз алаңында бес кездесуден бері жеңіліссіз келе жатқан қызылордалық «Қайсарды» ұпайсыз қайтарды. 9 минутта Заурбек Плиевтің тамаша пасынан кейін Аслан Дарабаев есеп ашты. Бірнеше футболшысы жарақат алған Владимир Вайсс командасы шабуылшысыз өнер көрсетті. Екінші таймда Дмитрий Огай командасы есеп теңестіруге тырысқанмен, нәтиже шықпады.

Дәл осындай есеп қарағандылық «Шахтер» мен семейлік «Спартак», павлодарлық «Ертіс» пен талдықорғандық «Жетісу» арасында тіркелді. «Кеншілер» қатарынан жеңіс голын 9 минутта Гедиминас Вичюс соқса, керекулік команда сапынан Константин Дудченко белсенділік танытты.

«Тараз» өз алаңында «Астанаға» есе жіберді. Тартысты ойындағы есеп екінші таймда ашылды. 63 минутта Бауыржан Жолшиев қақпашымен бетпе-бет шығып, айласын асырып кетті. Араға 7 минут сала Мұрат Тілешев таразы басын теңестірді. 75 минутта шабуылшыда командасын алға шығаруға тамаша мүмкіндік болған. Бірақ, 11 метрлік пенальтиден мүлт кетті. Есесіне Григорий Бабаян шәкірттері жеңісті жұлып кетті. Бұл жолы Атанас Курдов белсенді. 2:1 есебі Қостанайда да тіркелді. «Тобылды» Эдин Юнузович соққан голдан кейін жеңіп тұрған «Ордабасы» соңғы минутта сүрінді. Игорь Бугаев дубль авторы атанып, командасына үш ұпай сыйлады.


Батысқазақстандық дербиде тең есеп тіркелді. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Атырауды» қабылдаған «Ақтөбе» бір-бірінің қақпа кілттерін таба алмады. Екі ұжым арасындағы алғашқы айналымдағы кездесуде де есеп ашылмаған болатын.

Сонымен ХIV тур ойындары қорытындысы бойынша, қарағандылық «Шахтер» 26 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Алматылық «Қайрат» пен керекулік «Ертіс» нәтижелері де жақсарып келеді. 

ХIV турдан кейінгі турнир кестесі

 Командалар  Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Ақтөбе 14 10 3 1 23-3 33
2  Шахтер 14 8 2 4 20-13 26
3  Астана 14 7 4 3 17-9 25
4  Қайсар 14 7 3 4 14-12 24
5  Қайрат 14 7 2 5 18-12 23
6  Ертіс 14 6 2 6 18-17 20
7  Тобыл 14 5 4 5 14-18 19
8  Ордабасы 14 5 3 6 14-15 18
9  Атырау 14 4 6 4 10-11 18
10  Жетісу 14 3 4 7 10-13 13
11  Тараз 14 3 2 9 11-22 11
12  Спартак 14 0 3 11 7-31 3


Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай