Сергей Деревянченко кәсіпқой боксқа ауысты

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Сергей Деревянченко кәсіпқой боксқа ауысты

Қазақстандық «Астана Арланс» кәсіпқой бокс клубының белді мүшелерінің бірі және Бүкіләлемдік бокс сериясының екі дүркін жеңімпазы украиналық Сергей Деревянченко кәсіпқой боксқа ауысқандығын ресми түрде хабарлады.  

БӨЛІСУ

Нақтырақ айтар болсақ, Деревянченко Fight Promotions inc. және Dibella Entertainment промоутерлік компанияларымен келісімге келіп, ол бойынша аталған мекемелер украиналық былғары қолғап шеберінің мүддесін кәсіпқой бокста қорғайтын болды.  

«Кәсіпқой боксқа ауысу менің алға қойған мақсаттарымның бірі болатын. Ал басты арманым - әлем чемпионы атану. Ол үшін қыруар жұмыстар атқару керек екенін де білемін. Мен оған дайынмын. Fight Promotions және Dibella Entertainment сияқты компаниялармен келісімге келгеніме қуаныштымын. Енді жұмыла жұмыс жасап, чемпиондық белбеуге де жететінімізге сенімім мол», - дейді Сергей Деревянченко.

Айта кетейік, Деревянченко Лу Дибелла компаниясының қол астында жұмыс жасап отырған алғашқы украиндық боксшы емес. Жақында Дибелла Иван Голубпен келісімге отырған болатын. Одан бөлек промоутерлік компания Иван Редкач пен Евгений Хитровтың да мүддесін қорғайды.   

Естеріңізге сала кетейік, Сергей Деревянченко «Астана Арланспен» бірге 2013 жылы WSB сериясында жеңіске жетті.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ambox.su