Финалда қазылық ететін төреші белгілі болды

Финалда қазылық ететін төреші белгілі болды

Чемпиондар Лигасының финалына нидерландтық Бьорн Куйперс бас қазы боп бекітілді.

Тоқтала отырсақ, аталған төреші 1973 жылы 28 наурызда Олдензалда дүниеге келген. Осы тұста бір айта кетерлігі, Куйперстің төрелік етуімен не «Реал» болсын, не «Атлетико» болсын бірде-бір жолы жеңіске жете алмаған екен. Чемпиондар Лигасының өткен екі маусымында "Реалдың" қатысуымен екі ойында қазылық етіп, өз кезегінде, сол ойында "корольдік клуб" тек тең есепке ғана қол жеткізе алған. «Атлетиконың» ойынына осыдан бес жыл бұрын төрелік етіп, сол кездесуде "матрасниктер" тең есеппен ойнап қалған. 

Алғаш рет Куйперс 2012 жылдың 21 ақпанында "Реалдың" қатысуымен өткен кездесуге төрелік еткен. Бұл Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында өткен ойын болатын, "корольдік клуб" сол кезде қонақта мәскеулік «ЦСКА»-мен ойнаған-ды. Ойын 1:1 есебімен аяқталып, Хаби Алонсо, Серхио Рамос пен Фабио Коэнтрао секілді бірқатар ойыншылар сары қағаз алған. Дегенмен, сол ойынның қорытындысы "Реалға" көп қиындық туғыза қоймағанын айта кеткіміз келеді. "Бернабеуде" өткен қарымта кездесуде "корольдік клуб" 4:1 есебімен жеңіске жеткен-ді. 

Ал енді Чемпиондар Лигасының өткен жылғы жартылай финалдық ойыны "Реал" есінде қатты сақталары анық. Куйперс "Реал" мен дортмундық "Боруссияның" арасындағы матчты, 4:1 есебімен неміс командасының пайдасына шешілген кездесуді жүргізген болатын. Нидерландтық бас қазы аталған кездесуде Серхио Рамос, Сами Хедира мен Месут Озилге сары қағаз көрсетіпті.

«Атлетиконың» ойынына Куйперс 2009 жылы 3 қарашада алғаш рет және жалғыз жолы ғана қазылық етіпті. Дидье Дрогба мен Серхио Агуэроның керемет голдарымен есте қалған сол ойын 2:2 есебімен аяқталған екен. "Атлетиконы" осы есеп қорытындысымен Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен шыға алмаған-ды. Дегенмен, сол маусым команда үшін толағай табыспен аяқталғанын айтпай тұра алмаспыз. "Атлетико" Чемпиондар Лигасында өз тобында үшінші орын алып, Еуропа Лигасына өтіп, финалда ағылшынның «Фулхэм» командасын жеңу арқылы, айтулы трофейді төбелеріне көтерген-ді. 

Нидерландтық төреші, жалпылай алғанда, испандықтар үшін қуаныш жаршысы бола қоймаған. Себебі, өткен жылы Конфедерация Кубогінің финалында, Бразилия құрамасы Испания ұлттық құрамасын 3:0 есебімен тас-талқан етіп жеңген кездесуде аталған төреші қазылық еткен екен. Куйперс сол ойында Неймарды жыққан Пикені ойыннан қуып, Серхио Рамосқа ескерту қағазын көрсеткен болатын. 

Лиссабон төрінде бас қазыға Сандер Ван Рёкель мен Эрвин Зейнистра көмектеседі. Төртінші төрелікке түрік қазысы Джунейт Чакыр жәрдемдеспек. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: armsport.am

Л. Лига