Бүгін премьер-лиганың екінші айналымы басталады

Бүгін премьер-лиганың екінші айналымы басталады

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының ХІІ тур ойындары өтеді. Назарларыңызға кездесулерге шолуымызды ұсынамыз.

«Астана» (Астана) – «Ордабасы» (Шымкент)

Екі ұжым арасындағы алғашқы кездесу 1:0 есебімен елордалық клубтың пайдасына шешілген болатын. «Астана-Аренада» осы уақытқа дейін тең есеп тіркемеген командалар бүгін де мұндай нәтиже күттірмейтіндей. Соңғы ойындарын сүреңсіз өткізіп жүрген Саулюс Ширмялис командасы «Астанадан» айласын асыра ала ма? Алайда алаң иелері жол бере қояуы екіталай. Астана уақытымен сағат 15:00-де басталатын ойынды «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.

«Ертіс» (Павлодар) – «Спартак» (Семей)

Павлодарлық ұжым алғашқы айналым аяқталса да, өз ойынын таба алмай жүр. Бәлкім екінші айналымды сәтті өткізер. Эстон маманы Тармо Рюийтлиді қызметінен босатқан клубты бүгін Ойрат Садуов бастап шығады. Ал семейлік «Спартак» әлі де болса жеңіске жетіп көрген жоқ. Бәлкім бұл олқылықтың орнын бүгін толтырар. Десе де «Ертіс» үш ұпай түгіл, бір ұпайды қонақтарға сыйлауы екіталай. Ойын Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.

«Тараз» (Тараз) – «Қайсар» (Қызылорда)

Оңтүстіктік дерби текетіресі қызық болмақ. Соңғы екі ойында «Ордабасыны» жеңген «Тараз» бүгін өз алаңында «Қайсарға» қарсы кездесу өткізеді. Тең нәтиже тіркелуі әбден мүмкін. Алғашқы ойында Дмитрий Огай командасы бір доп басымдығымен жеңіске жеткен болатын. Ойын Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.

«Тобыл» (Қостанай) – «Атырау» (Атырау)

Екі команда арасындағы алғашқы ойында есеп ашылмаған еді. Бүгін де тең есеп тіркелуі мүмкін. Нақты фаворитті дөп басып айту қиындау. Ойын Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.

«Қайрат» (Алматы) – «Жетісу» (Талдықорған)

Владимир Вайсс командасы соңғы ойындарында жеңіс туын желбіретіп келеді. Бүгін де бұл жүрісінен жаңылмайтын секілді. Өз алаңында ойнайтын клуб Бауыржан Исламхан, Ермек Қуантаев, Аслан Дарабаев секілді талантты футболшыларға иек артары анық. Ал алғашқы кездесу де Алматыда («Жетісу» стадионы дайын болмай) өтіп, талдықорғандық клуб жеңіске жеткен болатын. Ойынды «KazSport» арнасынан сағат 19:00-де тамашалай аласыздар.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Шахтер» (Қарағанды)

ХІІ турдың орталық кездесуі саналатын ойын Астана уақытымен сағат 19:30-да басталады. Бұл ойынға нақты болжам айту қиындау. Еліміздің намысын еуропалық ареналарда қорғап жүрген клубтар арасындағы кездесу тартысты болары анық. Алғашқы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған. Ал суперкубокта Владимир Никитенко командасы жеңіске жеткен-ді. 

Ойындарды "ФФК-ТВ" жобасы бойынша тікелей эфирде тамашалай аласыздар!

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай