«Ливерпульдан» чемпиондық атақ алыстай түсті

«Ливерпульдан» чемпиондық атақ алыстай түсті

Ағылшын премьер-лигасының аяқталуына бір тур қалғанда «Ливерпуль» ұпай жоғалтты. Мерсисайдтық клубтың «Кристал Пэласпен» болған Лондондағы ойынынан кейін «Манчестер Ситидің» чемпион атануына мол мүмкіндік туып отыр.

Брендан Роджерс командасы бүгін жеңіске жететініне ешкім күмән келтірмеген-ді. Мұны қонақтар алғашқы минуттардан байқатты. 79 минутқа дейін Стивен Джеррард бастаған жігіттер үш доп басымдығымен жеңіп тұрған болатын. Алайда 9 минутта 3 гол соққан алаң иелері ойын ауанын түбегейлі өзгертіп жіберді. Нәтижесінде бір ойыны кем «Манчестер Ситидің» чемпион атануына үлкен мүмкіндік туды.


Өз мүмкіндігін соңғы сәтке дейін күтетін Мануэль Пеллегрини командасы 8 мамыр күні «Астон Вилламен» кездессе, 11 мамырда тағы өз алаңында «Вест Хэмге» қарсы кездесу өткізеді. Ал «Ливерпуль» соңғы турда «Ньюкаслмен» ойнайды.

Бәсекелестік пен чемпиондық атақ соңғы турға дейін таласатын біріншіліктер аз. Дәл осындай тартыс Испания ла-лигасында да орын алуда. Соңғы турда ұпай жоғалтқан мадридтік «Реал» мен «Атлетико» чемпиондық тартысты қыздыра түсті. Енді келесі турдағы басты 7 кездесу бір уақытта басталатын болды. Футбол жанкүйерлері де екі елдің алдағы шешуші кездесулерін асыға күтері анық.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай