Мейвезер мен Майдананың алатын сыйақыларының мөлшері анықталды

Мейвезер мен Майдананың алатын сыйақыларының мөлшері анықталды

Алдағы сенбі күні бокс жанкүйерлерінің назары Лас-Вегаста өтетін әлемнің ең үздік боксшысы Флойд Мейвезер мен Маркос Майдана арасындағы кездесуге ауады. Бүгін сол қос боксшының жекпе-жек үшін алатын сыйақыларының мөлшері анықталды. Сонымен америкалық Мейвезер 3 мамыр күні 32 миллион доллар ақшаны қалтасына басса, Маркос Майдана бар-жоғы 1,5 миллион долларды қанағат тұтпақ.    

Кештің басты жекпе-жегі алдында (андеркард) шаршы алаңғы шығатын 27 жасар Әмір Хан 1,5 миллион табыс тапса, оның қарсыласы жартылай орта салмақтағы 33 жасар америкалық Луис Коллацо 350 долларға ие болмақ.  

Мейвезердің алатын 32 миллион доллары – бұл кездесуді АҚШ көрермендері үшін тікелей эфирде көрсететін Showtime арнасының кепілдендірілген сыйақысы болып табылады. Showtime арнасы дәл осы қаржыны шығынға батпай төлеуі үшін ақылы көрсетілімнен (PPV) кем дегенде 1,1 миллион абонент жинауы тиіс. Егер жекпе-жекті одан да көбірек адам тамашалайтын болса, Мейвезердің сыйақы мөлшері де көбеймек.

Ал егер PPV-ге 1,1 миллионнан аз адам жазылса, онда Showtime арнасы осыдан бір жыл бұрынғы жағдайды қайталауы мүмкін. Айта кетейік, сол кезде Мейвезер Роберто Герреромен кездесіп, ақылы көрсетілімді тек 875 мың адам ғана тамашалаған болатын. Яғни ұйымдастырушылар күткен нәтижесіне қол жеткізе алмай, соның салдарынан Showtime арнасы 12 миллион долларға шығындалған.

Айта кетейік, Мейвезер-Майдана арасындағы кездесуді орташа сапада тамашалау үшін АҚШ көрермендері телеарнаға 65 доллар, ал HD-сапа үшін 75 доллар көлемінде қаржы төлеуі тиіс.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: akboxing.ru

Б. Қосмағамбет