Чавес кездесуге келісімін берді

Чавес кездесуге келісімін берді

Орта салмақтағы әлемнің экс чемпионы, 28 жастағы мексикалық боксшы кіші Хулио Сезар Чавес (48-1-1, 32 КО) орта салмақ дивизионындағы WBA және IBO чемпиондық белбеулерінің иегері 32 жастағы қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкинмен (29-0, 26 КО) кездесуге келісімін берді. Алайда Чавестің промоутеріне (Боб Арум жетекшілік ететін Top Rank компаниясы) қойып отырған бір шарты бар.

Кіші Чавестің сөзінше, ол Головкинмен кездесу жөніндегі келісімшартқа қол қою үшін мексикалық боксшы мен оның қазіргі таңдағы промоутерлік компаниясы Top Rank арасындағы келісім күшін бірден жоюы тиіс. Басқаша айтқанда, кіші Чавес Генамен болатын жекпе-жектен кейін бос агентке айналуды талап етіп отыр.  

«Жағдай былай болып отыр: Top Rank менімен келісімді ұзартпақшы, бірақ мен оған қарсымын. Мен алдағы кездесуге шығуға келісімімді беремін, бірақ одан кейін өзім жеке кеткім келеді. Мен онымен (Головкинмен) жұдырықтасуға толық дайынмын. Тек промоутер жағынан талап етім отырғаным – әділдік пен дұрыс шешім ғана», – деп мәлімдеді Чавес BoxingScene.com сайтына берген сұқбатында.

Одан бөлек мексикалық: «Боб Арумның мен келісімшартты одан әрі қарай ұзартады деген үмітпен әкеме, жанұяма белгілі бір адамдарды жіберіп, солар арқылы тиісті нәтижеге қол жеткізгісі келгеніне өкпелімін. Менің ойымша, бұл кәсіби маманның жасайтын ісі емес. Бірақ мен соған қарамастан үмітімді үзгем жоқ, ендігі қорытынды сөз Арумда», – дегенді де айта кетті.

Сонымен кіші Хулио Сезар Чавестің Top Rank-ке жасап отырған шағымы тікелей қаржыға байланысты болып отыр. Мексикалық боксшының пікірінше, ол қалғандарына қарағанда аз сыйақы алатын көрінеді. Алайда бұл салыстырмалы нәрсе екенін айта кетейік. Себебі, Чавес соңғы үш кездесуі үшін он миллион доллардай қаржыға ие болған.

Айта кетейік, Головкин–Чавес арасындағы кездесу 19 шілде күні Лос-Анджелестегі (Калифорния штаты) Форум атты жабық кешенде өтеді деп жоспарланып отыр. Жекпе-жек екінші орта салмақта өтетін болғандықтан, бұл кеште Головкиннің қос бірдей чемпиондық белбеуі сарапқа салынбайды. Сондай-ақ, кездесу АҚШ көрермендері үшін HBO телеарнасының PPV, яғни ақылы форматында ұсынылатын болады. Аталған бокс кешін тамашалағысы келген әр абонент арнаға 50-60 доллар көлемінде жарна төлеуі тиіс.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: roundbyroundboxing.com коллажы

Б. Қосмағамбет