«Реал» - финалда! Роналду рекорд орнатты

«Реал» - финалда! Роналду рекорд орнатты

2013/2014 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалына шыққан алғашқы команда анықталды. Мадридтік «Реалдың» енді ақтық сындағы қарсыласы ертең белгілі болады.

Жаңа ғана жанкүйерлер күтпеген нәтиже «Альянс-Арена» стадионында тіркелді. Мюнхендік команданы ешбір футбол маманы мен жанкүйері дәл осындай есеппен жеңілмек түгілі, жеңіліс табады деп те ойламаған-ды. Алайда азуын айға білеген «корольдік клуб» бүгін нағыз бабында екенін байқатты. Қорғаныста жүріп-ақ «Баварияның» осал тұсын таба алатынын айтқан еді. Дәлелдеді де. Алғашқы минуттардан алға ұмтылған алаң иелері жылдам гол соғуға ерте асыққандай. Ал осындай психологиялық дайындықпен жүрген «Бавария» өз қақпаларына гол өтпейтіндей сезінді. Тіпті Роналдуды басты назарға алып, екі бірдей сәтте де Серхио Рамосты жалғыз қалдырды. Испания құрамасының ойыншысы баспен осал ойнамайтыны тағы бар. Өзінде бар мүмкіндікті мүлт жібермеді. Ал 34 минуттағы Гарет Бэйлдың тамаша пасынан кейін Криштиану Роналду Месси орнатқан рекордтың мұртын бұзды. Аргентиналық футболшы Еуропадағы дүбірлі доданың бір маусымында 14 гол соқса, португалдық футболшы бұл көрсеткішті 15-ке жеткізді. Ал кездесудің соңғы минутында Роналду голдар санын 16-ға бір-ақ жеткізді. 24 метрден айып соққысын асқан шеберлікпен бағыттаған «Реал» сұрмергені «Бавария» футболшыларынан айласын асыра білді. Әлі финал бар. Бәлкім Роналду бұл көрсеткішін тағы да жаңартағуға мүмкіндігі бар деген сөз. Сонымен мадридтік клуб қос кездесу қорытындысы бойынша «Бавариядан» 5:0 есебімен басым түсті. Тағы бір айта кететіні, 38 минутта сары қағаз алған Хави Алонсо финалда өнер көрсете алмайды. Ал "корольдік клуб" араға 12 жыл салып бұл шыңды бағындырды.

Дубль авторлары

Карло Анчелотти командасының финалдағы қарсыласы ертеңгі «Челси» және «Атлетико» ойындарынан кейін белгілі болады. Ал ақтық сын 24 мамыр күні Португалия астанасы Лиссабондағы «Эштадиу да Луш» стадионында өтеді.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай